Алматы, BAQ.KZ. Желтоқсанның соңында Алматыда бес өндіріс орны іске қосылады. Бұл туралы LS басылымы хабарлады.
Шаһардың индустриялдық аймағының мәліметінше, бұл өнеркәсіп орындарын құруға 66 млрд теңге жұмсалған.
2019 жылдың 28 желтоқсанында 65,8 млрд теңге жұмсалған бес жобаның техникалық іске қосылуы жоспарланып отыр. Бұл жобалар 1,3 мың адамды жұмыспен қамтиды, - дейді компаниядағылар.
Негізінен үлкен диаметрлі құбырларды шығару өндірісі іске қосылмақ. Оған 33 млрд теңге жұмсалыпты. Аталған жобаның өнімділік күші жылына 100 мың тонна құбыр шығаруға жетеді. Онда жаңа 304 жұмыс орны ашылады екен.
Сонымен қатар, ет өнімдері мен жартылай фабрикаттар, медициналық құрылғылар өндіретін зауыт іске қосылады. Оның үстіне энергия үнемдейтін сәулеттік қасбеттерді өндіретін өндіріс орны ашылады.
Сондай-ақ, автокөлік құралдарын өндіретін өндіріс орны іске қосылады. Оны ашуға 25 млрд теңге жұмсалыпты. Өндіріс орны алғашқы кезеңде жылына 30 мың авто өндіреді, екінші кезеңде өнім көлемін 45 мыңға дейін арттырмақ.
Осы жылдың басында үш өндіріс орны іске қосылыпты, оған 1,6 млрд теңге жұмсалған. Шілде айында скотч пен стрейч-пленка шығаратын зауыт іске қосылса, қараша айында полимерлік бұйымдар өндіретін және жылумен жабдықтау құрылғыларын шығаратын өндіріс орны іске қосылған. Бұл өндіріс орындары іске қосылғалы 164 адам жұмыспен қамтылған.