"Жүз жылдық жылнама" – ұлтымыздың ғасырлық тарихы

11 Маусым 2019, 13:48
4305
Бөлісу:
"Жүз жылдық жылнама" – ұлтымыздың ғасырлық тарихы
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Egemen Qazaqstan газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған "Жүз жылдық жылнама" атты 5 томдық жинақтың тұсаукесері өтті.

Рухани жиынға Мырзатай Жолдасбеков, Намазалы Омаш, Сауытбек Абдрахман, Қайнар Олжай қатарлы қазақ журналистикасының абыздары мен жас буын өкілдері, газеттің бүгінгі қалам ұстаған қызметкерлері қатысты.

"Қадірменді қауым! Сіздерді "Егемен Қазақстан" газетінің 100 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Шежірелі басылымның бір ғасырлық мерекесі аясында бірқатар іс-шаралар өтіп жатыр. Алдағы уақытта да Ақпарат комитеті 5 томдық кітаптың шығуына қолдау білдіреміз. Себебі, басылым тарихы – ұлтымыздың тарихы. Тағы да шын жүректен сіздерді құттықтаймын", - деді ақпарат комитетінің төрағасы Ляззат Сүйіндік.

"Жүз жылдық жылнама" – ұлтымыздың ғасырлық тарихы

"Бұл жинақ бір ғана "Егемен Қазақстан" газетінің тарихы емес, бүкіл еліміздің, бүтін дәуірдің ғасырлық тарихы. Жинақтан Сәкен Сейфулиннің кезіндегі мемлекеттік тіл үшін баспасөз бетінде қалай күрес жүргенін, 1923 жылы ұлтқа қазақ атауын қайтару үшін кімдердің басын бәйгеге тіккенін көруге болады. Әзірге 5 томы шықты, желтоқсан айына дейін тағы бес томы шығады деп отырмыз", - деді осы 5 томдықтың оқырман қолына тиюіне тікелей атсалысқан Намазалы Омаш.

Ал бас басылымның бүгінгі екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстап отырған Дархан Қыдырәлі "Егемен Қазақстан" жүз жылдық сабақтастықты жалғастырып келе жатқанын айтты.

"Жүз жылдық жылнама" – ұлтымыздың ғасырлық тарихы

"1919 жылы "Ұшқын" деген атпен шыға бастаған басылым әр жылдары түрлі атпен шықса да, тілдің, діннің, жердің, емленің мәселесін, ұлт мүддесін көтерді. Сол тұстағы зиялылардың арасындағы айтыс- тартыс, ашаршылық, репрессия, соғыс пен тың игеру сияқты тарихи оқиғалардың бәрі осы жинақта қамтылды. Қазақ тарихының шежірешісіне айналған газеттің бетінде Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғаббас Тоғжанов, Ғабит Мүсірепов сияқты арыстардың ізі қалды. Көп адам ол тұста газетті орталық комитеттің органы болған деп ойлайды. Олай болмағанына осы бес томдықты оқып көз жеткізуге болады. Бұл жинақ газет оқырмандарына ғана емес, журналистика тарихы мен әдебиеттің өткенін зерттеп жүрген ғалымдарға, кәсіби тарихшыларға да таптырмас құрал болады деп ойлаймын", - дейді "Egemen Qazaqstan" республикалық газеті" АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.  

"Жүз жылдық жылнама" – ұлтымыздың ғасырлық тарихы

1919-1976 жылдар аралығын қамтитын 5 томдық жинақ әзірге 2000 данамен таралған.
Өзгелердің жаңалығы