Жұмағалиев журналистерге: Сіздер қай уақытта демаласыздар?

28 Маусым 2020, 13:22
1241
Бөлісу:
Жұмағалиев журналистерге: Сіздер қай уақытта демаласыздар?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев журналистерді құттықтап, өз ойымен бөлісті.

Қаңтар айында сұхбат берген едім. Уақытын алдын-ала белгіледік. Сұхбаттасуға енді кіріскенімізде мені жиналысқа шақырды. Әңгімемізді дәлізде жалғастыруға тура келді.

Бұдан кейін тағы бір рет сұхбаттастық. Ол да жұмыс уақыты аяқталған соң болды. Сағат 21.30. Сұхбаттасушым бірнеше материал дайындауды жоспарлап қойыпты. Еңбекқорлығына тәнті болып, "сіздер қай уақытта демаласыздар?"-деп сұрадым. Әрине, журналистер – өз кәсібіне берілген жандар!

Бекітілмеген жұмыс кестесі, көптеген кездесу, сұхбат, баспасөз конференциясы, Парламент, Үкімет үйі ... Осындай күн тәртібіне, өмір ырғағына үйренген сіздерге қазір қаншалықты қиын екенін түсінемін. Сіздер осындай кезеңде халыққа маңызды да шынайы ақпарат жеткізуден шаршаған емессіздер.

Қазіргі эпидемиологиялық ахуалға қарамастан, денсаулығыңыз бен өміріңізді тәуекелге тігіп, алғы шепте жүрсіздер. Мен бұны неге айтып отырмын?
Өйткені, менің достарымның, оқырмандарымның арасында журналистердің көп екенін білемін. Көпшілігіңізбен жеке таныспын және кәсібіңізге құрметпен қараймын.

Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын! Өз мамандығыңызға адалдығыңыз үшін, халыққа қажетті ақпаратты жедел, әрі түсінікті етіп жеткізе білетіндеріңіз үшін алғысымды білдіремін!

Сіздің жұмысыңыз өте маңызды және еңбегіңіз құнды, әсіресе қазіргі уақытта. Сіздерге шығармашылық өрлеу, еңбектеріңізге табыс, ең бастысы, мықты денсаулық тілеймін! Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз!, - деп жазды Асқар Жұмағалиев.


Өзгелердің жаңалығы