Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Зейнеткер үшін аз ақша емес" – Перизат Қайрат ісінде жәбірленушілер ақшаның қайтарылуын талап етті

Олжас АДАЙ
16 Шілде 2025, 16:26
1861
Бөлісу:
 insta: 01pk
Фото: insta: 01pk

Перизат Қайратқа қатысты сот отырысында зейнеткер Әмина Аймағанбетова қорға аударған 1 миллион теңгені қайтаруды сұрап, азаматтық талап қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, ол қаржыны су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қорына аударған.

Қор жетекшісі Перизат Қайрат туралы оны ұстағаннан кейін ғана білдім. Енді осы қаражатты қайтарып беруді сұраймын. Зейнеткер үшін бұл аз ақша емес, – деді ол сотта.

Мектеп жәрмеңкесінен қорға 1,7 миллион теңге аударылған

Сот барысында лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, түрік тілінің мұғалімі Йылдыз Йаман да жауап берді. Ол 2024 жылдың мамырында Батыс Қазақстандағы су тасқынына байланысты мектепте қайырымдылық жәрмеңкесі өткенін айтты. Осы жәрмеңкеде жиналған қаражат "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қорына жіберілген.

Қателеспесем, 1 миллион 704 мың теңге шамасында ақша жиналды. Біз бұл қаражатты мектеп әкімшілігімен ақылдаса отырып, қайырымдылық ретінде қорға аудардық, – деді Йылдыз Йаман.

Оның айтуынша, қайырымдылық жәрмеңкесіне оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар қатысқан. Қатысушылар қаржыны тікелей Йаманның шотына аударып, кейін ол қорға жіберілген.

Елімізде қиын жағдай болған соң, біз де көмектескіміз келді. Барлығы өз еркімен қатысты. Мен тек ұйымдастырушы болдым, – деді ол.

Сот барысында прокурор "ақшаны қайтаруды сұрайсыз ба?" деп нақтылады. Бұл сұраққа куә былай деп жауап берді:

Қайырымдылық мақсатында жиналғандықтан, бұл қаржыны басқа ресми мемлекеттік қорға аударуды сұраймын.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде  Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген. 

Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды

Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.

Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды

Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған

Өзгелердің жаңалығы