Зейнетке 55 жастан шықсақ, зейнетақыны кім төлейді

26 Маусым 2024, 16:31
28921
Бөлісу:
Зейнетке 55 жастан шықсақ, зейнетақыны кім төлейді
Фото: Арман Мухатов - архив

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мәжіліс кулуарында Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасын 55 жасқа дейін төмендету жайлы мәселеге ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дүйсенова атап өткендей, Қазақстан заңнамасында әйелдердің зейнет жасы реттелген және олар қазірдің өзінде заңды түрде зейнетке шыға алады.

Біз 1998 жылдан кейінгі зейнетақы реформасын жүргізгеннен кейін негізгі зейнетақымызды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан аламыз. Егер қорда қандай да бір қаражатымыз болса, онда бүгіннің өзінде 55 жаста зейнетке шығу мүмкіндігіміз бар, - деді ол.

Премьер-министрдің орынбасары әйелдердің зейнетке шығу жасын 55 жасқа дейін төмендету туралы петицияға қатысты пікір білдірді.

Егер мұндай өтініш болса, әрине, біз оны уақытында қараймыз. Бірақ бүгінде біз зейнетақылардың басым бөлігін мемлекеттен емес, өзіміз жинаған зейнетақы активтерімізден алатынымызды ескеру қажет. Сол себепті егер біз бүгін 55 жаста шығатын болсақ, онда тиісті зейнетақы ала аламыз ба, соны түсінуіміз керек, - деп айтты Тамара Дүйсенова.

Бұл ретте ол заңнамада зейнетақы жинақтарына байланысты 53 жаста, 55 жаста ерте зейнеткерлікке шығуды қарастыратын нормалар бар екенін атап өтті.

Халықаралық тәжірибеден көріп отырған есептерге сүйенсек, егер адам 35 жыл бойы тұрақты түрде жарна төлеп келсе, онда оның зейнетақысы зейнетақы қорының кем дегенде 60 пайызын құрайды. Әлем оны дәлелдеді. Сондықтан біз уақытылы аударым жасап тұруымыз керек. Біз "ертерек шығайық" деп айтқанда мемлекет зейнетақы төлейді деп ойлаймыз. Бірақ мемлекет бүгінде зейнетақы жүйесіне қатысуына байланысты аударымдардан базалық зейнетақы төлейді, - деп түсіндірді вице-премьер.

Өзгелердің жаңалығы