2026 жылғы 31 қаңтардан бастап Отбасы банк зейнетақы жинақтарының артығын пайдалана отырып, несиелерді ішінара және толық өтеу тәртібін өзгертті. Енді БЖЗҚ қаражаты тек негізгі қарызды өтеуге бағытталады, ал пайыздар мен өзге де ілеспе төлемдерді қарыз алушылар өз қаражаты есебінен төлейді. Ел ауқымында бұл өзгеріс миллиондаған қарыз алушыға қатысты: 38 триллион теңге көлеміндегі жалпы несие берешегінің 63 %-ы халықтың үлесіне тиесілі. Сарапшылардың пікірінше, түзетулердің стратегиялық мақсаты - қарыз жүктемесін азайту және азаматтардың қаржылық тәртібін күшейту. Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.
Қазір қазақстандықтардың қарызға белшеден батуы шекті деңгейге жетті. Банктер мерзімі өткен берешекке байланысты жоғары жүктемемен бетпе-бет келсе, ипотекалық мөлшерлемелер 21-22%-ға дейін өсіп отыр. Біржолғы зейнетақы төлемін пайдалануды шектеу қаржы жүйесін тұрақтандыруға, жаңа несиелер үшін ресурстарды жинақтауға және қарыз алушылардың төлем тәртібін ынталандыруға мүмкіндік береді.
Зейнетақы жинақтарының артығын пайдалана алатындар өте аз - жұмыс істейтін халықтың шамамен 10%-ы ғана. Бұл жаңашылдықтың басты мақсаты - қарыз алушыларды тәртіпке шақыру және қарыз жүктемесін азайту. Мұндай тәсіл банктердің өтімділігін қолдап, несиелерді уақытылы өтеуді ынталандырады, - дейді экономист Ерлан Кәрімов.
Жалпы қарыздану көрінісінен нақты тәжірибеге көшсек, жаңа ережелер мерзімінен бұрын өтеу үдерісін қалай өзгертетінін түсіну маңызды.
Бұрын зейнетақы қаражаты ай сайынғы төлемді толық жабуға - негізгі қарызды да, пайыздарды да өтеуге - мүмкіндік беретін. Қазір схема өзгерді: алдымен қарыз алушы пайыздар мен қосымша төлемдерді өз қаражаты есебінен төлейді, содан кейін ғана зейнетақы жинақтары арқылы негізгі қарызды өтейді.
Қазір зейнетақы қаражаты тек негізгі берешекті азайтуға бағытталады. Бұрын БЖЗҚ-ның бір бөлігі пайыздарға жұмсалатын, бұл жинақтаудың бастапқы логикасына сай келмейтін. Жүйенің негізгі мақсаты - азаматтардың қарызын біртіндеп азайту және қаржылық қор қалыптастыру, - дейді экономист Андрей Чеботарев.
Оның айтуынша, бұл өзгерістер қарыз алушылар үшін үдерісті анағұрлым ашық әрі болжамды етсе, банктер үшін тәуекелдерді төмендетіп, несие портфелін басқаруды жеңілдетеді.
Нақты мысал келтірейік: тұрғын үй несиесі бойынша ай сайынғы төлем 74 825 теңге: оның 65 699 теңгесі - негізгі қарыз, 6 175 теңгесі - пайыз. Бұрын бұл соманың барлығын БЗТ арқылы өтеуге болатын. Енді пайыздар қарыз алушының өз қаражатымен төленеді, ал негізгі қарыз зейнетақы жинақтарының артығымен жабылады. Егер артық сома негізгі берешектен асып кетсе, қалған бөлігі қосымша негізгі қарызды өтеуге бағытталады.
Міндетті депозиттік жарналары бар алдын ала қарыздар үшін де схема ұқсас: алдымен пайыздар мен депозит төленеді, кейін негізгі қарыз мерзімінен бұрын өтеледі. Мұндай тәсіл қарыз алушыларды тәртіпке шақырып қана қоймай, жаңа несиелерге арналған ресурстарды босатуға мүмкіндік береді, бұл қаржы жүйесінің тұрақтылығы үшін маңызды.
Зейнетақы жинақтарының артығын нақты пайдалана алатындар аз болғанымен, банктер үшін әсері айтарлықтай. Экономист Вячеслав Додоновтың пікірінше, бұл қадам мерзімі өткен берешек тәуекелін төмендетіп, несиені басқаруды жеңілдетеді, ал қарыз алушылар пайыздық төлемдерге өздері жауапты болатын түсінікті жүйеге көшеді.
Экономика тұрғысынан алғанда, жинақтарды мерзімінен бұрын алу мүмкіндігін қысқарту - қисынды шешім. Бұл зейнетақы қаражатын шамадан тыс пайдалануға жол бермейді, қарыздың шамадан тыс өсуінің алдын алады және азаматтарды шығындарын саналы түрде жоспарлауға ынталандырады,- дейді сарапшы.
Қорытындылай келе, бұл өзгерістер қарыздарды басқаруға жүйелі көзқарасты және қаржылық тәртіпті күшейтуді көздейді деуге болады. Қарыз алушылар үшін басты жаңалық - пайыздар мен қосымша төлемдерді өз бетінше өтеу қажеттілігі, ал зейнетақы жинақтарының артығы тек негізгі қарызды азайтуға бағытталады. Мұндай тәсіл төлемдерді ашық етеді, мерзімі өткен берешек тәуекелін төмендетеді және банк жүйесінің тұрақтылығын нығайта отырып, азаматтарды өз міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарауға ынталандырады.