Кейінгі кезде ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарын алу бойынша делдалдық қызметтерді төмен пайызбен көрсету туралы ұсыныстар таратылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осыған байланысты "БЖЗҚ" АҚ өз салымшылары мен алушыларына сақ болуды ескерткен екен.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде және онлайн-хабарландыру платформаларында азаматтардың кез келген санаты үшін ең төменгі жеткіліктілік шегінен (ТЖШ) асатын зейнетақы жинақтарын алу бойынша делдалдық қызметтерді төмен пайызбен көрсету туралы ұсыныстар таратылуда, - делінген БЖЗҚ таратқан хабарламада.
"БЖЗҚ" АҚ өз салымшылары мен алушыларына ескертеді: зейнетақы жинақтарын алу Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде қатаң белгіленген жағдайларда ғана мүмкін. Ең алдымен, бұл зейнет жасына толу, 1 немесе 2 топтағы мерзімсіз мүгедектік, шет елге тұрақты тұруға кету, мұрагерлік. Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және/немесе емделуге заңнамамен белгіленген шарттар сақталған жағдайда, төмендегі азаматтардың санаты пайдалана алады:
· ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар салымшылар (ТЖШ-дан асатын сома шегінде);
· зейнетақысы жоғалған табыстың (бұрын алынған жалақысының) кемінде 40% құрайтын зейнеткерлер - олар шотта қалған жинақтарының 50% дейін пайдалана алады;
· еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер (жинақтарының 100% дейін пайдалана алады);
· зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан салымшылар (жинақтарының 100% дейін пайдалана алады).
Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге немесе емделуге мақсатты пайдалану тек уәкілетті операторлар – екінші деңгейдегі банктер арқылы мүмкін болады. Тиісінше, делдалдық қызметтер қажет емес. Бұл ретте БЖЗҚ ешқандай ақы алмайды. Күмәнді әрекетке қатысуға келісе отырып, сіз ақшаңызды жоғалту қауіпін тудырып қана қоймай, болашақта басқа алаяқтық әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін жеке деректеріңіздің сақталуына да қауіп төндіресіз. БЖЗҚ өз салымшылары мен алушыларына мұндай ұсыныстарды елемеуге, тек ресми көздерден ақпарат алуға және құқықтық тұрғыдан қорғалған салада ғана әрекет етуге қатаң кеңес береді, - делінген хабарламада.