Зейнетақы жинағын тіс емдету үшін пайдалануға тыйым салынбайды

16 Тамыз 2024, 23:55
629
Бөлісу:
Зейнетақы жинағын тіс емдету үшін пайдалануға тыйым салынбайды
Фото: архив

Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев 2024 жылы 16 тамызда ОКҚ-да өткен брифингі кезінде зейнетақы жинағы есебінен тіс емі қызметінің ақысын төлеудің жаңа тетігі әзірленгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Вице-министр Денсаулық сақтау министрлігінің бұл норманың күшін жоймағанын баса атап өтті.

Қоғамдық талқы үшін бұйрық жобасы арнайы сайтқа орналастырылды. Келіп түскен өтініштерді ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі Стоматологтар қауымдастығымен бірлесіп жақын арада іске асырылатын тетіктер мен құралдарын пысықтады. Олар бұл мүмкіндікті шектеуге емес, керісінше диагностиканың аспаптық әдістерін пайдалану арқылы осы қызметті алғанын растай отырып, стоматологиялық қызметтер мен стоматологиялық көмекті алу рәсімінің "ашықтығын" қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Ержан Нұрлыбаев.

Вице-министр стоматологиялық клиникаға да, оның қызметіне жүгінген пациенттерге де қосымша міндеттер сипатында ауыртпалық түсірмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, барлығы медициналық ақпараттық жүйеге сүйене отырып автоматтандырылатын болады.

Бұған дейін бұл мәселе "Ашық НҚА" порталында талқыланып, Қазақстан ұлттық стоматологтар комитетінің өкілдерінен тұратын жұмыс тобының ұсыныстары мен ескертулерін есепке алғаннан кейін рентген-суреттер сияқты диагностиканың аспаптық әдістерін қамтитын тетік құрылды, - деп толықтырады министрліктің баспасөз қызметі.

Министрлік ұсынған зейнетақы жинақтарын пайдалану тетігі бірнеше кезеңнен тұрады: тексеру және емдеу жоспарын ұсыну, стоматологиялық клиника мен уәкілетті оператор-банк арасында шарт жасасу, қызметтерді жүргізу және электрондық денсаулық паспортына деректерді енгізу.

Емдеуге дейін және одан кейін рентген-суреттерді міндетті түрде ұсыну ашықтықты арттыруға, ықтимал заңсыздықты болдырмауға және азаматтардың қаражатына қатысты алаяқтық әрекеттерге жол бермеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта стоматологиялық қызметтерге зейнетақы қаражатын пайдаланудың бұрынғы ережелері қолданылуда, – деп түсіндірді ведомстводан.

Өзгелердің жаңалығы