Зейнетақы жинағын пайдалану қиындай ма? БЖЗҚ жаңа өзгерістерді түсіндірді

Жаңа әдістеме бойынша ТЖШ көлемі ұзақмерзімді факторларға сүйеніп анықталады.

Бүгiн 2026, 17:53
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 17:53
Бүгiн 2026, 17:53
163
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының тұрғын үй мен емделуге пайдаланылатын шекті мөлшерін (ТЖШ) есептеу тәсілі өзгеруі мүмкін. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл өзгерістердің мақсаты – азаматтардың болашақтағы зейнетақысын жеткілікті деңгейде сақтау екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Енді ТЖШ қалай есептеледі?

Жаңа әдістеме бойынша ТЖШ көлемі ұзақмерзімді факторларға сүйеніп анықталады. Оның ішінде:

* Қазақстан халқының демографиялық көрсеткіштері;
* БҰҰ жаңартып отыратын статистикалық деректер;
* медианалық жалақы деңгейі ескеріледі.

Сондай-ақ ТЖШ мөлшері азаматтың жасына байланысты болады. Яғни адам зейнет жасына жақындаған сайын, оның шотында сақталуы тиіс ең төменгі сома да ұлғаяды.

Бұл өзгеріс нені білдіреді?

БЖЗҚ мәліметінше, қазір азаматтар шектен асқан зейнетақы жинағын шешіп алғанда, болашақта шамамен 50 мың теңге көлемінде ғана зейнетақы алуы мүмкін.

Өйткені қазіргі жүйеде адам зейнетке шыққанға дейін міндетті жарналарды тұрақты төлей береді деген болжам қолданылады. Алайда іс жүзінде жарналардың тұрақты аударылмауы немесе мүлде төленбеуі ықтимал.

Соның салдарынан болашақтағы зейнетақы көлемі күнкөріс минимумынан да төмен болып қалуы мүмкін.

Медианалық жалақы не үшін қажет?

Жаңа модельде медианалық жалақы негізгі көрсеткіштердің біріне айналады.

Медианалық жалақы – елдегі барлық жалақыны екіге бөлетін көрсеткіш. Яғни жұмысшылардың жартысы одан көп табыс тапса, екінші жартысы аз алады.

Қордың түсіндіруінше, жаңа әдістеме арқылы азаматтардың болашақ зейнетақысы медианалық жалақының шамамен 40%-ына жақындауы тиіс.

Тұрғын үй мен емделуге ақша шешіп алу сақтала ма?

Иә. БЖЗҚ тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге арналған қолданыстағы тетіктер сақталатынын атап өтті.

Алайда азаматтар:

* тек ТЖШ-дан асатын соманы ғана пайдалана алады;
* шоттағы ең төменгі қалдық көлемі көбейетіндіктен, шешіп алуға болатын қаражат азаюы мүмкін.

Өзгерістің негізгі мақсаты қандай?

Қор мәліметінше, жаңа модель:

* азаматтардың зейнет жасында жеткілікті табыс алуына;
* халықаралық стандарттарға жақындауға;
* болашақта жинақтың жетіспей қалу қаупін азайтуға бағытталған.

Сондай-ақ жаңа әдістеме макроэкономикалық болжамдардың жыл сайынғы өзгерістеріне тәуелді болмайды деп күтіліп отыр.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтардың зейнетақы жинағы қалай қорғалатынын хабарладық.

Тағы оқи отырыңыздар: Шетелге көшіп кеткендерге зейнетақы төлене ме? Конституциялық Сот шешімін айтты 

Қазақстанда жұмыс берушілер зейнетақыға көбірек ақша аударады

Қазақстанда зейнетақы жинағын алу шегі тағы көтерілуі мүмкін

Наверх