Зейнетақы табысы төмендеді: Бұл алаңдауға себеп пе?

16 Сәуір 2025, 12:13
4210
Бөлісу:
Зейнетақы табысы төмендеді: Бұл алаңдауға себеп пе?
Фото: Арман Мухатов - архив

2025 жылдың бірінші тоқсанында зейнетақы салымшылары шоттарында инвестициялық табыстың төмендегенін байқады. ҚҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов бұр үрдістің себебін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл уақытша сипатқа ие, сондықтан алаңдауға негіз жоқ, – деді ол.

Маманның айтуынша, теріс табыс негізінен зейнетақы активтерінің қайта бағалануымен байланысты.

Инфляция мен инфляциялық күтулердің артуы аясында мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігі өсті. Бұл олардың нарықтағы құнын төмендетті, – дейді Тұрсынханов.

Сонымен қатар, Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарды көптеп ұсынуы да бағаға әсер еткен.

Теңге бағамының құбылмалылығы да өз рөлін атқарды. Жыл басында доллар бағамы 525,11 теңге болса, наурызда 504,44 теңгеге дейін төмендеді. Бұл шетел валютасындағы активтердің теңгемен есептегендегі құнын уақытша азайтады, – деді департамент директоры.

Мұндай теріс табыс – есеп түріндегі ғана көрсеткіш.

Бұл түбегейлі шығын емес. Қаржы нарығы тұрақталған сайын активтердің құны қалпына келеді, – деді ол.

Мысал ретінде Тұрсынханов сәуірдің алғашқы аптасын келтірді:

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, сәуірдің басында инвестициялық табыс шамамен 400 млрд теңгеге жетті. Бұл бірінші тоқсандағы теріс көрсеткіштің орнын толтыруға мүмкіндік берді, – деді ол.

Ол зейнетақы активтерінің ұзақмерзімді инвестиция екенін еске салды.

Жинақтардың өмірлік циклі – 40 жылға дейін. Қысқа мерзімдегі табыстың өзгеруі жалпы тиімділікті бағалауға негіз бола алмайды, – деп түйіндеді Тұрсынханов.

Өзгелердің жаңалығы