Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елде зейнет жасына жетсе де, жұмысынан кетпей, зейнетақысын да, айлығын да қатар алып жүргендерге қатысты өзгеріс болуы мүмкін екенін айтты. Бұл мәселеге халықтың назары бірден ауды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Зейнетақы жыры. Мәселенің мән-жайы қалай?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елімізде зейнет жасына жеткендердің көбі жұмыс істейтінін және олар зейнетақы мен жалақыны қатар алып жүргенін айтты.
Олар зейнет жасына келсе де, зейнетке шықпай, жұмысын әрі қарай жалғастырып жүр. Бұл азаматтарға зейнетақысын төлемей, ол ақшаны бюджетте қалдыру ұсынылады. Ал бюджеттен төленетін төлемдерді олар зейнетке шыққанға дейін тоқтата тұру ұсынылады, - деп айтты министр.
Оның айтуынша, үнемделген қаражат 55 жасында зейнетке шыққысы келетіндерге төлеуге бағытталуы мүмкін.
Жақыпова айтқандай, бұл тек талқылау сатысындағы дүние.
Бұл жерде зейнетке ерте шыққысы келетін азаматтардың еңбек өтілі 25 жылдан кем болмауы керек. Яғни осы уақыт бойы зейнет жарналары аударымы болуы қажет. Мысалы, азамат 20 жасынан бастап жұмыс істесе және тиісті жарналары уақытылы аударылып отырса, онда ол 45 жасында зейнетке ерте шыға алады.
“Өмір сүруге жетпейтін зейнетақы алады”
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов зейнетақы мәселесі өте маңызды екенін, оны талқылауға барынша жауапкершілікпен қарау керегін айтты.
Депутат атағандай, жұмыс істейтін зейнеткерлерді мемлекеттік бюджеттен берілетін зейнетақыдан айыру ұсынысына қоғам алаңдап отыр.
Бұл идея бюджетті оңтайландырудың әділетті жолдарын іздеудің орнына, мемлекеттің ең осал топтарының біріне ауыртпалық салу әрекеті сияқты көрінеді. Көп зейнеткер қазірдің өзінде лайықты өмір сүруге жетпейтін ең төменгі зейнетақы алатынын түсіну маңызды. Енді жасына байланысты әлеуметтік қамтамасыз ету құқығына кепілдік беретін Конституцияның 28-бабында көрсетілген бұл аз ғана табыс та күмән тудырып отыр. Үнемдеудің жолдарын адамдар қарсы тұра алмайтын жерден іздейді деген әсер қалдырады. Алдымен онкологиялық науқастарды емдеуге бөлінетін қаражатты, содан кейін хоспистер мен ауыр науқастарға қолдауды қысқарту ұсынылды, енді жұмыс істейтін зейнеткерлерге қол созып жатыр, - дейді Аймағамбетов.
Оның ойынша, зейнеткерлер қалағаннан емес, қажеттіліктен жұмыс істеп жүр, өйткені олардың табысы негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыруға жетпейді. Бюджетті үнемдеу қажет, бірақ білім беру, денсаулық сақтау, зейнетақы, жәрдемақы және азаматтарымыздың еңбекақысына қол тигізуге болмайды.
Форумдар, мерекелік безендірулер, жаңа әкімшілік ғимараттардың құрылысы, қажетсіз үлкен стадиондар салу, шетелдік легионерлердің жалақылары және басқа да осындай шығындар тапшылықты толтыруға жеткілікті болар еді. Бастысы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай бастамалардың шын мәнінде жоқ екенін, заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарланбайтынын түсіндірді. Министрліктің айтуынша, бұл тек талқылауға ұсынылған пікір ғана болды, ал жақын арадағы жоспарға кірмейді. Соған қарамастан, бұл идеяның конституциялық және әділеттілік принциптеріне қайшы келетінін және азаматтардың алаңдауына негіз жоқ екенін айтқым келеді. Әріптестердің осындай сезімтал мәселелер бойынша ойланып, жауапкершілікпен пікір білдіруін қалаймын, өйткені қоғамда түсініспеушілік пен орынсыз алаңдаушылық туғызудың қажеті жоқ, - деп шақырды Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
“Зейнетақы жоғары және уақытылы болуы қажет”
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров мемлекеттің проблемасының барлығын тек халықтың есебінен ғана шешуге болмайтынын айтты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда зейнетке шықса да, жұмыс істеуді жалғастыра бергісі келетін адамның мемлекеттік зейнетақысы алынып тасталуы ықтимал деген мәлімдеме жасаған болатын. Депутат осыған қатысты ойын айтты.
Бұл қабылданып қойған шешім емес. Бұл тек жария талқылау. Бірақ осы талқылаудың өзін халыққа дұрыс түсіндіруге тиіспіз. Мұндай мәселенің көтеріліп отырғанының негізгі себебі – Қазақстанның экономикасындағы бюджетті қалыптастыру проблемасы. Бүгінде Қазақстанның экономикасы минерал ресурстарды сатуға бағытталған. Әлемнің турбуленттілігіне байланысты минерал ресурстардың бағасы аумалы-төкпелі. Екіншіден, мұнай, металл, шикізаттарды жеткізудің өзі қиындап кетті. Сол себепті бүгін Қазақстанның бюджетін қалыптастыруда проблема бар, - деді Сайыров.
Бірақ оның айтуынша, мемлекеттің проблемасының барлығын тек халықтың есебінен ғана шешуге болмайды.
Бүгін бюджетті қалыптастырудың жан-жақты жолдарын қарастыруымыз керек. Оның ең бірінші жолы 90-жылдары минерал ресурстарды сатуға әртүрлі «өтірік инвесторлар» тартылған кезде Қазақстанның ұлттық мүддесі қарастырылмаған. Сондықтан осы келісімшарттың барлығын қайта қарау керек. Екіншіден, біздің олигархтардың қолында әлі күнге дейін Қазақстанның ішінде 90-жылдары қолды болып кеткен мемлекеттің меншіктері бар. Мемлекеттік меншіктің барлығын тезірек мемлекетке қайтаруымыз керек. Ең негізгісі – бюджет саясатының бір ғана функциясы бар. Ол – мемлекетте лайықты әлеуметтік стандарт жасау. Лайықты әлеуметтік стандарт дегеніміз - мемлекет қарттарымыздың алдындағы ең негізгі функциясын орындауы керек. Яғни зейнетақы жоғары және уақытылы болуы қажет. Менің ойымша, кейде дұрыс сөйлеудің өзі де өнер. Біз халықты әртүрлі тиіп-қашпа сөздермен дүрліктірмеуіміз керек, - деп айтты депутат.
Ерлан Сайыров Қытай тәжірибесін мысалға келтірді. Депутат атағандай, Қытайда 1,5 млрд халық бар. Соңғы 20 жылдың ішінде көрші ел әрбір қызметкеріне өте жоғары әлеуметтік стандарт жасап берді.
Бүгінгі таңда мемлекеттің бүкіл резерві, сонымен бірге мемлекеттің бюджеті елімізге, халқымызға жоғары, лайықты әлеуметтік стандарт жасауға бағытталуы керек. Оның ең негізгісі – зейнеткерлердің зейнетақысын көтеру, оны уақытында төлеу, - деп санайды ол.
Депутат өзіне көптеген азамат осы мәселеге қатысты хабарласып жатқанын айтып, дүрлікпеуге шақырды.
Біріншіден, әлі ешқандай шешім қабылданған жоқ. Яғни зейнеткердің барлығы өзінің зейнетақысын уақытылы алып отырады. Ал енді болашақта егер мемлекет қандай да бір шешім қабылдайтын болса, ол тек қана азаматтардың мүддесі тұрғысынан қабылдануы керек. Қазақстан азаматтары есебінен мемлекеттің әртүрлі проблемасын шешуге біз қарсымыз! - деп ойын білдірді депутат Ерлан Сайыров.
“Еңбекке жарамды жастар жұмыссыз жүр”
Осы мәселе көтерілгелі қазақстандықтар да өз ойларын айтып жатыр. Кейбірі зейнет жасына жеткендер орындарын босатып, жас мамандарға жұмыс істеуге жол беруге керегін айтып жатыр. Ал енді бірі зейнеткерлер депутат Аймағамбетов айтқандай, ақша жетпегеннен жұмыс істеп жүргенін айтады.
Facebook қолданушысы Асылбек Баяжұма да жастар жұмыссыз жүргенін алға тартты.
Елде зейнетақы алып отырып қосымша жұмыс істеп жалақы алып отырғандардың не зейнетақысын немесе жалақысын тоқтату қажет дегенге келісем. Себебі салдарынан еңбекке жарамды жастар жұмыссыз жүр. Ресми жұмысқа тұра алмаған еңбекке жарамды азаматтар күзетші, жеке таксист т.б. істеп жүр, - деп жазды Асылбек Баяжұма әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның пікірінше, бұл шара елдегі жұмыссыздық салдарын жоюға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң өзгерістер әкеледі.
Еске сала кетейік, 2023 жылдан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнет жасын ұлғайтуға 5 жылға мораторий енгізілген.
2028 жылға дейін қазақстандық әйелдер 61 жаста, ер адамдар 63 жаста зейнетке шығады.
Айта кетейік, Еңбек министрлігінің мәліметінше, республикалық бюджет 2025 жылдан бастап зейнетақыны ұлғайтуды жоспарлап отыр. Базалық зейнетақы төлемдері ұлғайтылады.
- зейнетақының ең төменгі мөлшері - 62 771 теңге (қазір 57 853 теңге);
- базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 32 360 теңге (қазір 28 215 теңге).
Бұл ретте жасы мен еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы төлемдерін 8,5%-ға арттыру жоспарланып отыр.