Зейнетақы қорына жалпы сомасы 314 млрд теңгеге жуық 17 092 өтінім келіп түсті

28 Қаңтар 2021, 15:41
1697
Бөлісу:
Зейнетақы қорына жалпы сомасы 314 млрд теңгеге жуық 17 092 өтінім келіп түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының біржолғы төлемдеріне арналған өтінімдерді қарауды жалғастыруда, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.            

2021 жылғы 26 қаңтарда «БЖЗҚ» АҚ-ға «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ уәкілетті операторынан жалпы сомасы шамамен 314,3 млрд теңгеге 17 092 өтінім келіп түсті. Келіп түскен барлық өтінім БЖЗҚ-да сол күні қаралды. Олардың ішінен 11 798 өтінім (69% немесе жалпы сомасы 63 млрд теңгеден астам) тексеруден сәтті өтті. Нәтижесінде «БЖЗҚ» АҚ-ға өтінімдер келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей салымшылардың «Отбасы банкі» АҚ-дағы арнайы шоттарына 63 млрд теңгеден астам қаражат аударылатын болады. Аударымның орташа сомасы 5,4 млн теңгені құрайды, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар 5 294 өтінімді (31%) БЖЗҚ заңнама талаптарына сәйкес келмейтіндіктен қабылдамады.

БЖЗҚ-ға «Отбасы банкінен» жіберілген өтінімдердің қабылданбауының негізгі себептері бұрынғысынша алуға болатын сомалардың қате көрсетілуі, жеке табыс салығын төлеу тәсілін таңдау кезінде алуға болатын соманы дұрыс көрсетпеу, инвестициялық табыстың нарықтық ауытқуына байланысты алуға болатын соманың өзгеруі, қайталап берілген өтінімдер болды. Бірнеше адамның өтінімі БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шоттары және зейнетақы жинақтары жоқ болғандықтан қайтарылды.

Азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтары туралы өзекті ақпаратты, оның ішінде қолжетімді сома туралы мәліметтерді enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мобильдік қосымшасы арқылы біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға тікелей өтінім берер алдында мұқият тексеруге кеңес береміз. Алуға қолжетімді сомалар салымшыға ыңғайлы және өз бетінше таңдау жасау үшін БЖЗҚ беретін үзінді көшірмеде көрсетілген, - делінген ақпаратта.

Естеріңізге саламыз, зейнетақы жинақтары туралы ақпарат «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес зейнетақы жинақтарының құпиясын қамтамасыз ету мақсатында салымшының өзіне ғана беріледі.

Салымшының БЖЗҚ-да жеткіліктілік шегінен асатын сомасы болған жағдайда, оны пайдалануға өтінім шексіз рет берілуі мүмкін. Егер қандай да бір себеппен салымшыға біржолғы зейнетақы төлемін алуға арналған өтінімді қанағаттандырудан бас тартылса, онда бас тарту себебін жойып, уәкілетті операторға қайтадан өтінім беруге болады. 

Егер салымшы өз жинақтарын әртүрлі мақсаттарға пайдаланғысы келсе, онда алуға болатын сома шегінде осы мақсаттарға жеке өтінімдер беруге болады.

Өтінім беруге және зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін нысаналы пайдалану шарттарына байланысты барлық мәселені уәкілетті оператор «бір терезе» қағидаты бойынша қарайды және БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді.

Келіп түскен өтінімдерді қараудың алғашқы екі жұмыс күнінің қорытындысы бойынша, яғни, БЖЗҚ-ға уәкілетті оператордан 25 және 26 қаңтарда түскен барлық өтінім сол күндері кідіріссіз қаралды. Бұл ретте жалпы сомасы 112 млрд теңгеге жуық 20 252 өтінім тексеруден сәтті өтіп, жұмысқа қабылданды. Өтінімнің орташа сомасы шамамен 5,6 млн теңгені құрайды, - делінген қордың хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы