2025-2035 жылдарға арналған кадрларға қажеттілік болжамы жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сауалымызға берген жауабында көрсетілгендей, 2025-2035 жылдары ел бойынша жұмыс күшіне сұраныс 2,9 млн адамды құрайды. Оның ішінде ең үлкен үлес Алматы қаласына тиесілі – 464 мың адам (жалпы сұраныстың шамамен 16%-ы). Сондай-ақ Астана қаласында – 263 мың (9%), Қарағанды облысында – 192 мың (6%) және Алматы облысында – 172 мың адамға (6%) сұраныс күтіледі.
Болжам бойынша, 2025 жылы жалдамалы жұмыс күшіне сұраныс 239 мың адамды, 2026 жылы – 260 мың адамды құрайды. Алайда 2028–2031 жылдар аралығында әйелдердің зейнеткерлік жасының біртіндеп ұлғаюына байланысты бұл көрсеткіш уақытша төмендеп, кезең басында 239 мың адамға дейін қысқарады. Кейін сұраныс қайта өсіп, кезең соңында 259 мың адамға жетеді, - делінген ведомствоның жауабында.
Зейнет жасының арттыру кезеңі аяқталған соң, 2032 жылға қарай жұмыс күшіне сұраныс 295 мың адамға, ал 2035 жылы – 316 мың адамға дейін ұлғаюы мүмкін.
Бұған дейін министрлік 2025-2035 жылдар аралығында ел экономикасына шамамен 2,98 миллион маман қажет болатынын ескертті.
Сондай-ақ зейнетақы жинағындағы (БЖЗҚ) ақша неге өзгеріп отыратыны жайлы ашып жаздық.