Қазақстандағы уақыт белдеуінің өзгеруі халық өміріне теріс әсер еткен жоқ. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілістің "AMANAT" фракциясында бірыңғай уақыт мәселесін талқылау қорытындысы бойынша медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология салаларындағы ғылыми-зерттеу институттары, салалық сарапшыларды, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары және мүдделі тұлғалардың қатысуымен, бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына, энергия тұтыну және еңбек өнімділігінің әсеріне мониторинг жүргізілді, - дейді Шаққалиев үкімет отырысында.
Жұмыс барысында деректерді зерттеу, сауалнама нәтижелері мен уақыт белдеуі өзгеруіне дейінгі және одан кейінгі көрсеткіштерді салыстыратын кешенді тәсіл қолданылды.
40-тан астам метрика мен көрсеткіштерді қамтитын уақыт белдеуінің өзгеруі халықтың денсаулығына, энергия тұтынуға, еңбек тиімділігіне, оқушылардың үлгеріміне, жол көлік оқиғалары көрсеткішіне, қылмысқа және басқа аспектілерге әсерін бағалау бойынша зерттеу әдістемесі бекітілді.
Денсаулық сақтау бағыты бойынша халықтың жас шамасына қарай бөлінген топтарын және қала мен ауыл тұрғындарын қамтитын талдау жүргізілді. Энергия тұтыну бойынша ең жоғары жүктемелердің әсерін бағалау және еліміз бойынша көп пәтерлі тұрғын үйлерде электр энергиясын тұтынудағы статистикалық салыстыру жұмыстары жүргізілді.
Еңбек қызметі бойынша да талдау жұмыстары жүргізілді.
Нақты деректерге негізделген нәтижелер уақыт белдеуінің өзгеруі халық өмірінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері болмағанын айқындайды. Сонымен қатар, өңірлерде талқылау барысында мәслихат депутаттары жұмыс кестелерін ауыстыру арқылы жұмыс уақытын оңтайландыру жөніндегі бастаманы қолдады. Бүгінгі таңда, Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудан-дарында (Катонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самара, Күршім) тұрғындар тарапынан қолдау тауып, жұмыс кестесі 8:00 - 17:30 дейін өзгертілді, - деді Сауда министрі.
Еске сала кетейік, осыған дейін Шығыс Қазақстанда Марқакөл және Үлкен Нарын аудандары "өз уақыт белдеуіне" көшкені туралы жазғанбыз. Бірыңғай уақыт белдеуі туралы шешім терең ғылыми зерттеулер негізінде қабылданды.