Зерттеу қабілеттері бар азаматтар керек – депутат магистратура мен докторантураға түсетіндер туралы

Бөлісу:
Зерттеу қабілеттері бар азаматтар керек – депутат магистратура мен докторантураға түсетіндер туралы
VIDEO
Фото: BAQ.KZ архив

Депутат магистратура мен докторантураға грантты көптеп бөле бермей, сапаға мән беру керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова атап өткендей, жыл сайын экономикаға бәсекеге қабілетті кадр даярлау үшін бюджеттен қаржы қарастырылады. 2025 жылы дәл осы мақсатқа 526 млрд теңге қаржы жоспарланып отыр. Оның ішінде гранттардың санын ұлғайтуға байланысты, мысалы, бакалаврда 80 мың грант, магистратурада 13 мың грант және докторантурада 2 919 грантқа дейін ұлғайды. Магистратура мен докторантураға байланысты бірнеше мәселе туындап отыр.

Біріншіден, жыл сайын бұл гранттар игерілмейді. Өйткені үміткер жоқ. Екіншіден, оны игеру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі шекті мәнді төмендетіп, жалпы талаптарды жеңілдетіп отыр. Мысалы, 2025 жылы бейінді докторантурада ағылшын тіліне қойылатын талаптар алынып тасталып отыр. Біз жалпы гранттың саны емес, гранттың сапасы арқылы экономикадағы, еңбек нарығындағы білікті кадрларға байланысты мәселелерді қайта-қайта көтеріп жатырмыз. Оның ішінде магистратура мен докторантураға жалпы академиялық көрсеткіштері жоғары, білікті, зерттеу қабілеттері бар азаматтардың келгенін қалаймыз. Министрлік механизмдерді қайта қарауы қажет деп санаймыз. Гранттардың сапасын көтеруге, гранттың құнын көтеруге байланысты қандай шара қабылдайсыздар? Магистратура мен докторантурада талаптарды жеңілдетуге байланысты қандай да бір тәуекелдерге талдау жасалды ма? – деп сұрады депутат.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек депутаттың қойған сұрағына толығырақ жауап беруге тырысты.

Магистратура мен докторантураға келетін болсақ, гранттардың саны магистратурада соңғы 3 жылда өзгерген жоқ. Сол 13 мың қалып отыр. Конкурс жақсы. Соңғы 3 жылда орта есеппен алғанда 40 мыңға жуық адам 13 мыңға грантқа тапсырды. Ал докторантураға келетін болсақ, бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы және AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасында нақты белгіленген. Биыл докторантурада былтырмен салыстырғанда 1000 грантқа өсірдік. Жалпы гранттардың санын 5 мыңға дейін жеткіземіз. Біз өндірістік докторантураны енгізіп жатырмыз. Бұл Президенттің тапсырмасы. Сол себепті докторантураға түсуге қатысты талаптарды сәл өзгерттік, - деп түсіндірді министр.

Саясат Нұрбектің айтуынша, биылдан бастап бейіндік докторантураға қатысты пилоттық режимде өндірістік-индустриалдық PhD енгізілген.

Тілге қойылатын талаптар жойылған жоқ. Аздап өзгертілді. Яғни тілдік сертификаттарды, яғни енді тек IELTS, TOEFL қана емес, сонымен бірге Duolingo және басқа да сертификаттарды қабылдайтын болдық. Сондықтан ол талап қалды. Өндірістік-индустриалдық PhD-ге өте жақсы қабылданды. Қазір бізге 8 ірі кәсіпорын тапсырыс берді, - дейді ол.

2027 жылға дейін докторантура гранттарының құны 3 млн 325 мың теңгеге дейін өседі.

Өзгелердің жаңалығы