АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің арасындағы келіссөздерді қайта өткізу үшін Ақ үй қарсы тарапқа қандай шарты бар екенін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Fox News таратқан ақпаратқа сәйкес, Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Майкл Уолтц Зеленскийге бірнеше талап қойғанын мәлімдеген.
Уолтцтың айтуынша, Ақ үй Зеленскийден "ол соңғы кездесуде болған жайтқа өкінетіндігін, минералдар туралы келісімге қол қоюға дайын екендігін және бейбіт келіссөзге қатысуға дайын екендігін" естігісі келеді.
Бұл (шарт – ред.) тым көп деп ойламаймын. Менің ойымша, Америка халқы, Украина халқы, Ресей халқы және бүкіл әлем халқы үшін тұрақтылықты қалпына келтіру үшін жақсы нәрсе, - деді Ақ үйдің кеңесшісі.
Сондай-ақ ол Трамп соғысқа нүкте қоюға дайын екендігін және жоспарлары барын жеткізді.
Президент Трамп бұл соғысқа нүкте қоюға дайын және біздің жоспарымыз да бар. Сонымен қоса бізде процеске қосылуға дайын әрі қауіпсіздікке кепіл бола алатын әлемнің жетекші елдерінің көшбасшылары бар, - деді Уолтц.
Еске салайық, бұған дейін Дональд Трамп маңызды мәлімдеме жасайтынын алға тартып, "барлығын ашық айтамын" деп ағынан жарылған болатын.