Зеленский 30 күндік атысты тоқтату қашан күшіне енетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский Франция президенті Эммануэль Макронмен сөйлескеннен кейін мәлімдеді.
Украина ешқандай шартсыз 30 күндік атысты тоқтатуға дайын. Бірақ оны жүзеге асыру үшін Ресей талап қоюды доғаруы керек, – деді Зеленский.
Ол президент Макронмен бірге қауіпсіздік кепілдіктерін нақтылау бойынша командалардың жұмысын талқылағанын айтты.
Францияның бұл мәселеге қатысты ұстанымы өте нақты, біз оны толықтай қолдаймыз. Жұмысымызды жалғастырып, серіктестермен келесі қадамдарды үйлестірудеміз, – деп қосты Зеленский.
Сонымен қатар, тараптар 15 наурыз күні Украина мәселесіне арналған онлайн-кездесуді талқылады. Президенттің айтуынша, Украинамен бірге әділетті әрі тұрақты бейбітшілікке ұмтылатын елдер коалициясы кеңеюде.
Украинадағы атысты тоқтату
11 наурызда Сауд Арабиясында өткен келіссөздердің нәтижесінде Украина АҚШ-тың 30 күнге созылатын уақытша атысты тоқтату туралы ұсынысын қабылдағаны белгілі болды. Алайда, бұл келісім күшіне енуі үшін алдымен Ресейдің де оны қолдауы қажет.
АҚШ өкілдері осыған ұқсас ұсыныспен Ресейге барды. Алайда, Ресей президенті Владимир Путин бұл мүмкіндікті тікелей жоққа шығармағанымен, келісімге де келмеді. Ол атысты тоқтату туралы шешімді кейінге шегеруде. Украина президенті Владимир Зеленскийдің пікірінше, Ресейдің мақсаты – Украина жерін одан әрі басып алу.
ISW (Соғыс зерттеулері институты) сарапшыларының айтуынша, Путин Украинаға қарсы соғысты тоқтатуға мүдделі емес. Ресей бұл уақытша бітімді алдағы әскери әрекеттерге дайындалу үшін, соның ішінде Днепр өзенін оңтүстіктен кесіп өтуге жағдай жасау үшін пайдалануы мүмкін.