Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың Украинаға арналған қауіпсіздік кепілдігі туралы құжаты 100% дайын екенін мәлімдеді. Қазіргі таңда Киев құжатқа қашан және қай жерде қол қойылатынын күтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Зеленский Литваның Вильнюс қаласында өткен баспасөз мәслихатында айтты. Оның сөзінше, аталған құжат алдымен қол қойылғаннан кейін АҚШ Конгресі мен Украинаның Жоғарғы Радасында ратификациялауға жіберіледі.
Сонымен қатар президент демалыс күндері Абу-Дабиде украин және ресейлік делегациялар АҚШ делдалдарының қатысуымен келіссөздер өткізгенін хабарлады. Тараптар Вашингтон ұсынған 20 тармақтан тұратын жоспарды талқылаған, алайда әзірге нақты келісімге қол жеткізілмеген.
Зеленскийдің айтуынша, Ресей Украинаны соғыс басталғалы бері басып ала алмаған шығыс аймақтардан бас тартуға мәжбүрлеуге тырысуда, бірақ Киев бұл ұстанымды қабылдамайды.
Украинаның аумақтық тұтастығы сақталуы тиіс. Бұл – біздің өзгермейтін позициямыз, – деді ол.
Келесі келіссөздер Абу-Дабиде алдағы жексенбіде өтуі мүмкін.