Президент қызметіне жаңа кіріскен Зеленский парламентті таратты

20 Мамыр 2019, 15:39
5898
Бөлісу:
Президент қызметіне жаңа кіріскен Зеленский парламентті таратты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Украина президенті Владимир Зеленскийдің ұлықтау рәсімі өтті. Ол қызметіне кірісіп, халыққа үндеуін айтты.

«Жаңа ғана мен ант бердім. Әрбіріміз Конституцияға алақанымызды қойып, ант еттік. Әрбіріміз президентпіз. Бүгінде әр адамның жауапкершілігі бар. Украинаның дамуы үшін бәрін жасай аламыз», - деді Зеленский.

Ол шетелде жүрген отандастарына азаматтық беретінін айтты.

«Біз бәріміз украиналықпыз. Біріккенде ғана мықты боламыз. Украинада 65 миллион украин бар. Әлемдегі барлық украинға айтарым, сіздер бізге керексіздер. Қуана-қуана сіздерге Украинаның азаматтығын беремін. Сіздер үйлеріңізге қайтуға тиіссіздер. Өтінемін, өздеріңізбен білімдеріңізді ала келіңіздер. Осының бәрі жаңа дәуірді бастауға көмектеседі», - деді ол. 

Жаңа президент биліктің ең алғашқы міндеті «Донбастағы отты сөндіру» екенін атап өтті.

«Дауды тоқтату үшін неге дайынсыз?» деп менен жиі сұрады. Ал сіздер неге дайынсыздар, украиналықтар? Батырларымыз ендігәрі қаза болмас үшін мен бәріне дайынмын. Қиын шешім қабылдаудан қорықпаймын. Егер қажет болса, бейбітшілік үшін, жеріміз үшін лауазымымды жоғалтуға дайынмын», - деді президент.

Ол министрлер мен депутаттардан портретін кабинеттерге қоймауды сұрады. 

«Кабинеттеріңізде менің суретім, портретім тұрмаса екен, өтінемін. Себебі президент – икон, идол, портрет емес. Ол жерге балаларыңыздың фотосуреттерін қойыңыздар және әрбір шешім қабылдайтын кезде солардың көздеріне қараңыздар», - деді ол.  

Зеленский Украина парламенті – Жоғарғы Раданы таратынын айтты. 

«Құрметті депутаттар! Депутаттыққа қол сұғылмаушылықты алып тастауды, заңсыз баюға қылмыстық жауапкершілік, көп азап шеккен сайлау кодексі туралы заң қабылдауды, сондай-ақ Украина қауіпсіздік қызметі, Қорғаныс министрін, Украинаның бас прокурорын қызметінен босатуды сұраймын. Бұл үшін бізде екі ай бар. Жоғарғы Раданың 8-шақырылымын таратамын», - деді ол инаугурацияда. 

Еске сала кетсек, Зеленский сайлаушылардың 73% дауысын жинап, жеңіске жетті.

Өзгелердің жаңалығы