Астанада Zeekr көлігінің жүргізушісі жолдардың бірінде қауіпті жарыс өткізді. Көлік иесі жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Threads әлеуметтік желісінде zhanna_seifullaevna атты қолданушы жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған Zeekr көлігінің жүргізушісі туралы жазба қалдырған.
Автордың айтуынша, Zeekr көлігі BMW маркалы автокөлікпен Тұран даңғылы мен Қорғалжын тас жолы қиылысында қауіпті жарыс ұйымдастырған. Куәгерлер жылдамдықты асыру, арақашықтықты сақтамау, агрессивті маневр жасау және жылдам қатар ауыстыру сияқты өрескел бұзушылықтар болғанын айтады.
Олар сондай қатты қозғалды, бірнеше секундта көзден ғайып болды. Өзге көліктердің жолын кесіп өтіп, апатты жағдайлар туғызды. Бұл кез келген сәтте қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін еді, жолда қарапайым адамдар, отбасылар, балалар жүрді, – делінген жазбада.
Пост авторы мұндай жағдайлармен байланысты жол апаттарын да еске салған. Оның айтуынша, Zeekr көлігін тізгіндегендер жасөспірімдерге ұқсап, өте жауапсыз әрекет жасаған.
Аталған жазбадан кейін Астана полициясы жағдайға пікір білдіріп, құқық бұзушының анықталғанын және жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
Zeekr маркалы автокөлік жүргізушісі жолақ ауыстыру ережесін бұзғаны және апатты жағдай туғызғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар оған профилактикалық әңгіме жүргізілді, – деп мәлімдеді полицияның патрульдік қызметі.