Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өзбекстан Мақтааралдағы барлық коллекторды тазалауға көмектеседі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты.
Өзбекстан тарапының мамандарымен тығыз байланысымыз бар. Жағдай тұрақтанғаннан кейін олар өздерінің техникасымен кіріп, біздің бүкіл коллекторларды тазалауға көмектесетіндігіне келісім алып келдік. Біз тек шекарадан өтуге мүмкіндік беруіміз керек, - деді Өмірзақ Шөкеев.Оның айтуынша, Мақтаарал ауданындағы елді мекендерге жерасты суы жақын орналасқан. Су ұзақ уақыт жатып қалуы мүмкін.
Сол себепті аталған елді мекендердің айналасынан үлкен арықтар қазып, суды сол арықтарға сорғыту үшін техника қажет болады. Осыған орай Экология министрлігімен бірігіп, республика өңірлерінен мотопомпаларды, сорғыларды алдыру керек болады, - деді әкім.Өз кезегінде үкімет басшысы Асқар Мамин үкімет тарапынан да қолдау болатынын айтты.
Арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Оны премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр басқарады. Құрамында орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары бар. Комиссия Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарына келген шығынды шұғыл түрде есептеу бойынша жұмысты жүргізеді. Одан кейін инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым, үйлер қалпына келтіріледі. Зардап шеккен тұрғындарға Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі, - деді Асқар Мамин.
Естеріңізге сала кетейік, Үкімет отырысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев су басқан ауылдың эвакуацияланған әр тұрғынына өтемақы беру керектігін айтқан еді. Сонымен қатар, қауіптің беті қайтпағанын, әлі де болса 7 елді мекенді қызыл судың басу қаупі бар екенін айтқан болатын.