Ақтөбеде азаматтарымызға басқа мемлекеттің әнұранын айтқызған компаниялар болған. Бұл туралы Мәжілістің көшпелі отырысында депутат Ринат Зайытов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз бір нәрсені анықтап алуымыз керек. Біз қазір еңбекті қорғағымыз келе ме немесе соған әрекет еткіміз ғана келе ме? Әрекет ететін болсақ, онда осындай жиналыстардың онын, жүзін өткізейік. Ал шынымен көмектескіміз келсе, онда бөлек-бөлек іс-шара өткізбеу керек. ҚР-да жұмыс жүргізу не болмаса еңбекті қорғау қағидаттары керек сияқты. Нақты шегеленген... Соның ішіне кәсіподақтың бәрімен ақылдасып, олардың ұсыныс-тілектерін қосу қажет, - деді Ринат Зайытов.
Депутат жұмыс бастайтын адам әу бастан-ақ қайда келіп жатқанын, не істейтінін біліп алуы қажет екенін айтты.
Әтпесе 30 жыл тонағаннан кейін, жаңағы тан-кеннен келген өкілдер сияқты «тұра тұрыңыздар», «біз әлі ақылдасайық», «біз оны көрейік» деген әңгімені әкете береді. Сол себепті оны қазір шегелеп алуымыз керек. Ең алдымен еңбек қағидаттарын нақтылайық, онымен жұмыс істей алатын адам жұмыс істесін, істей алмайтын басқаша әңгіме жүргізілсін, - деп Зайытов ұсынысын айтты.
Депутаттың сөзінше, Ақтөбеде азаматтарымызға басқа мемлекеттің әнұранын айтқызған компаниялар болған.
Кәсіподақтар «кейбір мекеме кіргізбейді» дейді. Оны баяғыдан білеміз. Ақтөбеде біздің азаматтарға басқа мемлекеттің әнұранын айтқызған компаниялар болды ғой. Еңбекті қорғаймыз дейміз. Өткенде Маңғыстаудан 10-15 жігіт келді. Тыңдайтын адам жоқ. Күнде хат жазамыз. Бірақ оларды ешкім аңғарып, естіп жатқан жоқ. Сол себепті ең бірінші кезекте жұмысшылардың талабын орындауымыз керек. Оны жеткізетін кәсіподақтар. Сол кәсіподақтардың ортақ бір әлеуметтік порталы болса, біздің талап осындай, - деді Ринат Зайытов өз сөзінде.