Зайырлы елміз, бірақ мешіт саны мектептен көп өңірлер бар - заңгер

25 Қыркүйек 2023, 12:43
7173
Бөлісу:
Зайырлы елміз, бірақ мешіт саны мектептен көп өңірлер бар - заңгер
Фото: insta:kussaiynkyzy

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде, қоғамда діни көзқарас пен бағыттар туралы түрлі ой айтылып, қарама-қайшылық көбейді. Гендерді зерттеуші заңгер Әйгерім Құсайынқызы нәзік тақырыпта (діни көзқараста) танысыңызбен ренжісіп қалмауыңыз үшін қандай принцип ұстануыңыз керегін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Толеранттылық дегеніміз не? Бұл принципті халық дұрыс түсініп жүр ме? Ол бейбітшілік пен бірліктің кепілі бола ала ма?

-Өздеріңізге мәлім, елімізде 2011 жылы қабылданған діни қызмет туралы заң бар, ол Қазақстанда 2012 -2014 жылы бірнеше террористік акт болған кезде бұл заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қазіргі таңда толенрантылық көп жерде қолданылатын трендтегі сөзге айналды. Еліміз 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның самитін Астанада өткізген кезде Қазақстан самитті өткізуші ел ретінде сол ұйымның дамуына байланысты төрт «Т» принципін ұстанды. Қазақстан төрт құндылық бойынша басқарды олар: Trust, Traditions, Transparency, Tolerance, - яғни сенім, дәстүрлер мен ашықтық және төзімділік. Иә, бұл 2010 жылдары жан-жақты айтылды, алайда сол жылдан қазіргі таңға дейін қағидаттаың қалай қалыптасқанын саралайтын болсақ, 13 жылда "Қазақстан осы құндылықты ұстанды ма?" деген сұрақ келеді. Мәселен, халық сенім деген сөзді қалай түсінді? Билікке мен әлде Құдайына ма ол жағы беймәлім, ал қазіргі таңда дәстүр жағында да келіспейтін тұстар көп. Кейбір дәстүр мен салтты әлі күнге дейін «бұл халал, бұл харам» деп қабылдамай жүрген адамдар тобы бар. Мемлекет аталған ұғымдардың шекарасын шегендеп, нақты бағыт көрсетуге тиіс еді, өкінішке қарай қарай халық күнделікті өмірде бұл қағидаттарды өміріне сіңістіре алмады. Иә, еліміздің заңында толенранттылық деген сөз бірнеше рет қайталанады, бірақ іс жүзіндегі жағдай қалай?

- Мемлекет діни ахуалды қалай реттеуі керек?

-Зайырлы елміз, алайда соңғы жылдары мешіттердің саны мен жалпы діни ұйымдар көбейді. Бізде 4 мыңға жуық діни ұйым бар, оның 80 пайызы ислам бағытында. Кейбір өңірлерде мешіт саны еліміздегі мектеп санынан да көп. Осы тұрғыдан мемлекет неге міндетті? Зайырлық дегеніміз - мемлекет пен дін бір-бірінің ісіне араласпауы керек. Алайда, бізде екеуі де біте қайнасып кеткен, оған мысал көп. Мемлекет оны қауіпсіздік мақсатында істедік, ұлтаралық наразылық болмасын қабылдадық деп ақталады. Біз түсінуіміз керек, толеранттылық дегенде «тек менікі дұрыс» деп айтуға болмайды, толеранттылық - жеке пікіріңізге қайшы келетін келіспейтін тұстарды қабылдай білу. Мәселен, мен атеист болсам, хиджаб киетін қызға жаман көзқараспен қарасам бұл толеранттылық бола ма? Ал егер дінді берік ұстансам тек менің бағытым дұрыс деу жөн бе? Осы тұрғыда саясат жүргізілуі тиіс деп есептеймін. Мысалы, бізде мектепке хиджаб киюге тыйым салады, ал "Базз Лайтер" мультфилімін көрсетеді немесе керісінше "Базз Лайтерді" көруге тыйым салады. Мемлекет қандай бағытта жұмыс жүргізуге тиіс екенін анықтап алуы керек секілді, әзірше «зайырлық» принципі деген құжат жүзінде сақталып отыр.

- Діни қарама-қайшылықтар болмас үшін әр адамда қандай қағидат ұстануға тиіс деп ойлайсыз?

-Қазіргі таңда әлеуметтік желіде діни тақырыпқа байланысты пікірталастар жүріп жатыр. Мұндай талқыға таңданудың қажеті жоқ, бұл күтілген жағдай. Біз заңгер ретінде  «зайырлылық» бағыты арқылы қараймыз. Біз адам құқығы тұрғысынан айтуымыз керек, сіз бірінші – адамсыз әрі құқыңыз бар, кейін ғана мұсылмансыз, міне мемлекет осындай тәртіпке қараса... Бізде сен «мұсылмансың, кейін қазақсың одан кейін барып адамсың» деген көзқарас бар.

- «Қиямет күні жақындап келе жатыр, қашан намаз оқисың?» деп бейне түсіріп, пікір қалдырып жататындар бар...

-Бұл өте проблематикалық сұрақ. Бұл жеке шекараны бұзатын, адамның жеке құқын, соның ішінде ар-ождан және діни-сенім бостандығы секілді құқық саласындағы негізгі іргелі қағидаттарға қайшы келеді. Сол үшін қандай да бір адам сізге осындай сұрақ қойған кезде, біріншіден, жауап бермеуіңізге болады, екіншіден, неге қойылғанын нақтылап сұрап алғаныңыз жөн. Кейде адамдар өзін Құдай мен адамдар арасындағы делдал санайды. Ал негізі  дінге сене ме, сенбей ме ол әр адамның жеке бас бостандығы. Өкінішке қарай, Қазақстанда адам құқығы және дін саласындағы сауаттылық жетіспейді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы