Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Зарема Шаукеновамен осыдан 13 жыл бұрын тоқтаған Республика күні мерекесінің тарихы туралы әңгімелескен едік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
- Зарема Кәукенқызы, жақында ғана кезектен тыс сайлау жайлы сөз қозғаған едік. Ендігі әңгімемізді Тәуелсіздік төңірегінде өрбітсек деймін. Жалпы, әлемдік өлшеммен қарар болсақ, азаттыққа анықтама бар ма?
- Әрине, саясатта анықтамасыз ештеңе болмайды. Азаттық алудың өзі саяси жетістік. Олай болса, егемендік – ұлт құқықтарының шыңы, әрбір ұлттың ішкі және халықаралық деңгейдегі барлық мәселесін ешкімнің ықпалынсыз, өз бетінше шешуіне мүмкіндік беретін жеке құқығы. Бұл – демократиялық қатынастардың негізінде жатқан маңызды халықаралық құқықтардың бірі. БҰҰ Жарғысында және басқа да халықаралық актілерде бекітілген құқық. Ұлттық егемендік, мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, ұлттардың өзін анықтауы, тіпті оның бөлінуіне деген құқығына қатысты мәселелері халықаралық құқық және бүкіл халықаралық қатынастар жүйесіндегі маңызды жағдай. Өзіңіз білесіз, дәл осы мәселе бүгінгі таңда әлемде қызу талқыланып жатыр.
- Ұлттық егемендік туралы айтқанда Вестфаль жүйесін айналып өте алмаймыз. Алайда бес ғасырдан бері мызғымаған бұл жүйемен санаспайтындар да бар секілді.
- Оныңыз рас. Ұлттық егемендік, аумақтық тұтастық, тәуелсіздік және мемлекет мүдделерінің басымдығы қазіргі халықаралық қатынастардың негізі болатын Вестфаль жүйесінің негізгі принциптері мен постулаттары болып отыр.
Мемлекеттердің аумақтық тұтастығы принципі алғаш рет 1648 жылы белгіленген болатын. Содан кейін Еуропа континентінде орын алған бірқатар соғыстарды аяқтауға септігін тигізген Вестфаль бейбіт келісімі жасалды. Еуропадағы мемлекеттік шекараларды қайта қалпына келтірген Вестфаль бейбіт келісім ережелерінің бірі – мемлекеттің ішкі істеріне сыртқы араласуды заңсыз деп танып, мемлекеттің аумақтық тұтастығын сақтап қалу. Бұл постулат қазіргі таңда жалпы қабылданып, барлық іргелі халықаралық келісімдердің негізіне айналды. Сонымен қатар, Вестфаль бейбіт келісімі ұлттардың өзін-өзі анықтау құқығы принципін бекітті деп айтуға болады. Белгілі саясаттанушы Джон Рагги Вестфальбейбіт келісімін «мыңжылдықтың ішіндегі халықаралық саясаттағы ең маңызды өзгеріс» деп атады.
- Өзіңіз білетіндей, өткен ғасырда егемендік алу мен жаңа мемлекет құру мәселесі шиеленісе түсті. Қазір де бұл мәселе өзекті болып отырған федеративті елдер бар. Ал біз кейде бізге азаттық оп-оңай келе салған секілді сезінеміз. Дегенмен егемендік алуды саясаттан тыс елестету де мүмкін емес секілді. Біз осының салмағын сезіне алып жүрміз бе?
- «Жаңа мемлекет құру үшін не істеу керек?» деген сұраққа қазіргі халықаралық құқықтың өзі нақты жауап бере алмай отыр. Отарлық империялардың күйреуі нәтижесінде декларативті әдіс пайда болды, яғни белгілі бір аумақ өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялайды. Конституциялық деп аталатын дәстүрлі жол әлдеқайда күрделірек. Ол бойынша өздерін тәуелсіз деп жариялаған мемлекеттер толыққанды мәртебе алу үшін халықаралық мойындауға ие болу қажет. Дипломатиялық мойындаудың формалды актісіне сәйкес, бір мемлекет екіншісінің тәуелсіз мәртебесін және оның Үкіметінің өкілеттігін мойындайтындығын білдіреді. Әрбір ұлт өздерінің егемендігін көздің қарашығындай қорғайды, ал үкіметтер оны сақтауға бар күшін салады. Егемендік төңірегіндегі даулар – әлемдегі ең өткір даулардың бірі. Оның Ирландия-Ольстер, Испания-басктер, Ирак және Түркия – күрдтер, Израиль – Палестина арасындағы қақтығыстар, Косово, Осетия, Абхазия елдерін халықаралық мойындау, мойындамау сияқты белгілі мысалдары бар. Олар халықаралық құқықтың, егемендіктің және аумақтық тұтастықтың екпінін мүлдем жаңа арнаға бұрды.
«Егемендік» ұғымының мағынасы айтарлықтай өзгеріске ұшырағанына қарамастан, зерттеушілердің көпшілігі егемендіктің халықаралық қатынастар жүйесіндегі ұйымдастырушылық принцип ретіндегі негізгі рөлі өзгеріссіз қалады деген пікірде.
АҚШ-тың үшінші президенті, осы мемлекеттің негізін қалаушылардың бірі, Тәуелсіздік декларациясының авторы Томас Джефферсон «Шынайы тарихтың бір бөлігі – бұл өте сирек кездесетін нәрсе, олар өте жоғары бағалануы керек» деген еді. Соңғы уақытқа дейін бұл кеңестік дәуірдің идеологемасы болды, жаңа тарих 1917 жылдан, Қазан төңкерісінен кейін басталды.
- Ал Қазақстанның жаңа тарихы кезеңін қай кезден бастар едіңіз?
- Қазіргі тарихшылардың пікірінше, «Қазақстанның жаңа тарихы» ұғымына 1991 жылдан бастап КСРО-ның ыдырауы нәтижесінде жаңа Мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болған кезең кіреді. Шын мәнінде, КСРО-ның ыдырауы бір тарихи циклды аяқтап, жаңасын бастады. Дәл осы жаңа тарих циклі аясында Қазақстан егемен ел ретінде дами бастады.
Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған ресми құжат 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдаған мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық заң болды. Мұнда Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет ретінде өз аумағына және толық билікке ие екендігі айтылған.
- Әңгімеміз енді бір арнаға тоғысатын бастанды, Зарема Кәукенқызы. Өзім де осы Республика күні мерекесі туралы сұрағалы отыр едім...
- Тәуелсіздік туралы заңның алдында, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясы болды. Қазақстан тарихында алғаш рет «Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда «Қазақ ССР Ұлттық мемлекеттілікті сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады» және «Қазіргі шекарасындағы Қазақ ССР-нің аумағы бөлінбейді және оған қол сұғылмайды, оның келісімінсіз пайдалануға болмайды. Қазақ ССР-нің конституциялық құрылысына қарсы кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға жария түрде шақыру заң бойынша қудаланады» - делінген.
Декларация Республиканың Конституциясы мен заңдарының өз аумағындағы үстемдігін белгілеп, оны барлық мемлекеттік органдар, кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар, азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар орындауды талап етті. Егер республиканың өз аумағында егемендік құқықтары мен Конституциясы бұзылса, одақтас мемлекеттің заңдарының немесе басқа да нормативтік актілерінің күшін тоқтата тұруға құқығы бар деген ережені жариялау құжаттың маңызды тұсы еді.
- Тәуелсіздік туралы Декларация жайлы көп естиміз, шетжағасын оқыдық та. Сол Декларацияның ең маңызды деген бірнеше ерекшелігін айтып бере аласыз ба?
- Жаңа айттым ғой, бұл Декларация Конституциямыздан да жоғары болды деп. Алғаш рет «Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда Қазақстандағы конституционализмнің ахуалына міндетті түрде қажет үш ереже айқындалды:
1) Жер және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдiктер мен хайуанаттар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкiл экономикалық, ғылыми-техникалық потенциал - Республика территориясындағы бүкiл ұлттық байлық Республика егемендiгiнiң негiзiн құрай отырып, оның ерекше меншiгiнде болатындығы туралы;
2) Республиканың Жоғарғы Кеңесi мен Президентіне бағынатын және солардың бақылауында болатын өз iшкi әскерлерiн, мемлекет қауiпсiздiгi және ішкi iстер органдарын ұстауға құқығы туралы;
3) Қазақ ССР-нің халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге және сыртқы экономикалық қызмет мәселелерін дербес шешу құқығы туралы.
«Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» маңызды қағидаттарының бірі – ұлттардың өзін-өзі анықтау құқығы туралы ереже болды. «Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі, ...ұлттардың өзін-өзі еркін анықтау құқығын мойындай отырып, ...Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігін жариялайды және осы декларацияны қабылдайды». Құжат мәтіні осы сөздермен басталды.
Тәуелсіз мемлекеттің саяси-құқықтық тарихындағы «Қазақ ССР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы» декларацияның орасан зор маңызы Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесі ең жоғары мемлекеттік деңгейде алғаш рет «Қазақстан халқының еркін білдіре отырып» бүкіл әлемдік қоғамдастыққа «Қазақ ССР-нің мемлекеттік билігі Республиканың ішінде үстемдікке, дербестікке, толыққандылыққа ие» және «Қазақ ССР Республикадағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық-мәдени құрылысқа қатысты барлық мәселелерді дербес шешеді, мемлекеттік билік пен басқару органдарының құрылымы мен құзыретін, сондай-ақ республиканың рәміздерін айқындайды» деп ресми түрде жариялады.
- Демек, Тәуелсіздік декларациясы қазіргі қолданыстағы Ата заңымыздың негізі болды деп айтуға толық негіз бар екен ғой?
- Тура солай деуге болады. 1990 жылғы 25 қазанда мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылдануы шынайы мемлекеттілікті қалыптастыру, азаматтардың нақты құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің сапалы жаңа кезеңіне өту үшін құқықтық негіз қалыптастырды. Декларация өзінің негізгі принциптерімен ұлттық заңнама мен мемлекеттің жаңа Конституциясын құруға негіз болды. Құқықтық акт ретінде Декларация Қазақстанның сыртқы әлеммен тікелей байланысқа шығу мүмкіндіктерін берді. Мемлекет аумағының тұтастығы мен оған қол сұғылмауы бірқатар әмбебап және өңірлік халықаралық-құқықтық актілерде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының іргелес мемлекеттермен екіжақты шарттарында, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің қорытынды актісінде көрініс тауып, бекітілді. Қазақстан егемен мемлекет бола отырып, халықаралық қатынастардың дербес субъектісі ретінде әрекет ету, сыртқы саясатты өз мүддесі үшін айқындау, дипломатиялық және консулдық өкілдіктермен алмасу, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысу құқығына ие болды.
- Жаңа бір сөзіңізде Декларация Қазақстанның сыртқы ұйымдар мен саяси қауымдастықтардың мойындауына сеп болды дедіңіз ғой. Жалпы Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстанды сыртқы әлемнің қабылдауы қалай болды?
- Қазақстан өз егемендігін күрделі геосаяси жағдайлардың аясында алды. Халықаралық мойындау және әлемдік кеңістікке интеграцияланудың ашық жолы егемендіктің негізгі тірегіне айналды. Ел үшін дипломатиялық қалқаны бар тәуелсіз, егемен мемлекеттің тарихи дербестігін табу және бекіту үшін берілген тарихи мүмкіндікті пайдалану өте маңызды еді. Қазақстанның белсенді сыртқы саясатты таңдаудың себебі бастапқыда-ақ ұлтаралық қақтығыстарға және мемлекеттің аумақтарға бөлінуіне әкеп соқтыратын ішкі қарама-қайшы этникалық мазмұнға толы, алып елдердің қыспағында қалып, посткеңестік провинция болып қалуды еңсерудің қажеттілігімен байланысты болды.
Даму парадигмасының ауысуына байланысты біздің ел ғана емес, бүкіл посткеңестік өңір бастан кешкен экономикалық тұрақсыздық жағдайында Қазақстан өзінің сыртқы саясатын басынан құру қажет болды. Күрделі геосаяси жағдайында дұрыс таңдау жасау қажеттілігі туындады. Қазақстанның басты жетістігінің негізін сыртқы саясат арқылы елдің дамуын күрделендіретін немесе оны жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін факторларды барынша азайту құрады. Сыртқы саясат Қазақстанды қолайсыз факторлардан арашалайтын сенімді «қорған» болуға тиіс еді. Қазақстан барлық кезеңдерде де өзінің халықаралық субъективтілігін бекітуді және өз артықшылықтарын шебер пайдалана отырып, орын алуы мүмкін тәуекелдер мен қатерлерді әлсіретіп, қазіргі өркениеттің аясына енуді көздеді.
Республика бірқатар маңызды жобаларды қамти отырып, өз күн тәртібімен халықаралық аренаға шықты. Ядролық қарусыздану, ұлтаралық, дінаралық диалог пен келісімнің жаңа үлгісі, Қазақстанның табысты даму жолы Қазақстанның жаһандық келбетінің негізіне айналды. Қазақстан көптеген беделді халықаралық ұйымдар мен одақтардың бастамашысы және белсенді қатысушысы болды. Олардың арасында ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСШК бар. Қазақстанның ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ҰҚШҰ-ға төрағалығы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 7 Съезін өткізу және т.б. әлемдік жұртшылықтың жоғары бағасына ие болды.
Қазақстанның тағдыры сәтсіз мемлекеттердің қатарынан болмауы, өңірлік деңгейдегі бастамаларды жоғалтпай және екіжақты байланыстардың негізгі алаңында байланыстарды нығайтып, жаһандық деңгейдегі өз бастамаларын тұжырымдай алғаны біздің сыртқы саяси бағытымыздың негізгі нәтижесі ретінде қарастыруға болады.
- Әңгімеңізге рахмет!