Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Зардап шеккендер бар: "Ливерпульдің" жеңісін тойлап жатқан жанкүйерлер тобын көлік басып өтті

27 Мамыр 2025, 06:23
391
Бөлісу:
 Скриншот
Фото: Скриншот

Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында көлік "Ливерпуль" футбол клубының Премьер-лигадағы жеңісін атап өтіп жатқан жанкүйерлер тобын басып өтіп, бірнеше адам жарақат алды. Бұл туралы The Mirror басылымы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқиға Ливерпульдің Су көшесінде орын алған. Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші әдейі адамдарға қарай көлік жүргізген. Автокөлік бірнеше рет жылдамдықты түсіріп, кейін қайта арттырған, тек көше ортасына жеткенде толық тоқтаған. Жергілікті тұрғындар полиция келгенге дейін жүргізушіні ұстауға тырысқан.

Полиция жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00 шамасында оқиға туралы хабар алғанын растады. Көлік оқиға орнында тоқтатылып, жүргізуші сол жерде ұсталған. Қазіргі уақытта полиция мен жедел қызмет өкілдері оқиға орнында жұмыс істеуде.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, көліктің рөлінде болған 53 жастағы ер адам Ливерпуль аймағынан шыққан Ұлыбритания азаматы болып шықты.

Соңғы деректер бойынша, зардап шеккендердің саны 50-ге жуықтаған. The Guardian басылымының дерегінше, 47 адам жарақат алған, оның ішінде екеуінің жағдайы - ауыр. Жергілікті мейрамхана шұғыл түрде медициналық көмек көрсету орнына айналды. Солтүстік-Батыс жедел жәрдем қызметі зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқанын хабарлады.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр. Полиция көлік қасақана адамдарға бағытталғанын тергеу нұсқаларының бірі ретінде қарастырып отыр.

Өзгелердің жаңалығы