Жаңадан тағайындалған Сенат депутаты Марат Қожаев Талғарда бұзақылықтан мерт болған жасөспірімнің ісі туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист сенаторға "Сот отырысы ашық өтуі керек деп ойлайсыз ба? Себебі қоғам соны талап етіп жатыр" деп сұрақ қойды.
Қазіргі таңда іс Ішкі істер министрлігі мен Прокуратураның қолында екенін білесіздер. Сондықтан іс бойынша тергеуді заңды әрі объективті болады деп ойлаймын. Ашық соттың өтуі соттың шешімі болады. Қазір қоғамның талабы ашық сот болсын дейді, кейбіріне ол керек пе, керегі жоқ па?!... Мен қоғамдағы кейбір күрделі мәселені ашық түрде талқылау керек шығар деп ойлаймын, - деді Марат Қожаев Сенат кулуарында.
Сонымен қатар Қожаев "Елімізде заңды қатайту керек пе?" деген сауалға да жауап берді.
Негізі біздің заңдарымыз қатал. Ал қоғамдағы қатыгездік немесе зорлық-зомбылық мәселесін тек заңды күшейтіп шешу, меніңше бұл нәтижесіз сияқты. Бұл ұзақ уақыт жиналған әлеуметтік мәселе. Бәрі тәрбиеден, білімнен, адам тәрбие алған ортадан басталады. Білесіз бе, біздің қасымызда үлкен көршіміз Қытай Халық Республикасы бар, онда адамдарды нақты қылмыстары үшін алаңда атып жатады. Соған қарамастан қылмыстар баршылық, - деді Марат Қожаев.
Бұған дейін атышулы Талғардағы бұзақылықта 16 жастағы ұлы Шерзат Болаттан айырылған Қаржаубай Нұрымов мәлімдеме жасағанын хабарлаған болатынбыз.