Заңсыз Сібір елігін атқан браконьерлер құрықталды

29 Қаңтар 2022, 17:03
1710
Бөлісу:
Заңсыз Сібір елігін атқан браконьерлер құрықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Заңсыз Сібір елігін атқан Қазақстан Республикасының үш азаматы ұсталды. Бұл туралы ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылдың 28 қаңтарында «Іле-Алатауы МҰТП» РММ Түрген филиалының инспекторлары сағат 14:00 шамасында Сібір елігін (аталық) атқан үш браконьерді ұстады. Түрген  филиалының инспекторлары Е.Жылсбаев, К. Құмарбеков, Ә. Серікжан, М. Байтасов Есік орманшылығының №9 орам аумағын барлау барысында Сібір елігін бөлшектеп жатқан браконьерлердің үстінен түскен. Нәтижесінде заңсыз аң атқан Қазақстан Республикасының үш азаматы ұсталды, - делінген ақпаратта.

Инспекторлардың айтуынша, оқиға орнында Сібір елігінің бөлшектелген еті, басы, терісі және ішек-қарыны жатқан.

Ұстау кезінде құқық бұзушылардан калибрі 7,62 Вепр-308 маркалы (нөмірі СА9615) мылтығы және нөмірсіз, қайта жасалған екі қару тәркіленді. Құқық бұзушылар Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының полиция бөліміне жеткізілді. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, аталған құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР Заңына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аң аулауға тыйым салынған, - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Өзгелердің жаңалығы