Мәжіліс «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын Сенатқа жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасын депутат Снежанна Имашева таныстырды.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің атынан «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның жобасын және іліспе заң жобаларын негізгі мақсатын атап өтті.
Жобалардың негізгі мақсаты - заңсыз иемденілген және шығарылған активтерді іздеуге (ашып көрсетуге), пайда болуын растауға, қамтамасыз ету шараларын қолдануға және мемлекетке қайтару бойынша шаралар қабылдауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу. Заң жобаларының: заңсыз иемденген және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару, активтерді ерікті түрде қайтаруға ынталандыру, активтерді заңсыз иемденуге ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою арқылы қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру секілді жағымды әлеуметтік-экономикалық тұстары бар, - деді Снежанна Имашева.
Оның айтуынша, заңның қолданылу аясын нақтылауға, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның құзыретіне, ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасауға, Комиссияның құрамы мен функцияларын қалыптастыру тәртібіне, тізілімді қалыптастыру тәртібіне, активтерді ашып көрсету туралы декларацияны және оған қоса берілетін мәліметтерді қарау кезінде Комиссияның құзыретіне, активтерді ерікті түрде қайтаруға, қатысты редакциялар түзетілді.
Бұдан басқа, жұмыс тобы аясында талқылау кезінде заң жобасының бүкіл мәтіні бойынша құқықтық олқылықтарды болғызбау, заң жобасының нормаларын бір-біріне және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес келтіру мақсатында редакциялық, нақтылау сипатындағы түзетулер енгізілді.Парламент Мәжілісінің тұрақты комитеттері заң жобалары бойынша оң қорытындыларын берді, - деп айтты депутат.
Заң жобасы екінші оқылымда мақұлданып, Сенатқа жолданды.