Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару. Жаңа заң адал инвесторларға әсер етпейді

21 Қыркүйек 2023, 11:51
920
Бөлісу:
Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару. Жаңа заң адал инвесторларға әсер етпейді
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Парламент Мәжілісі депутаттары 2023 жылы 12 шілдеде қабылданған «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңын («Заң») әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының құқықтық актілер туралы заңнамасының талаптарына сәйкес Заңда қолданысқа енгізудің нақты тәртібі көзделген, оған сәйкес активтерді ерікті және мәжбүрлеп қайтару шаралары мен тәсілдерін көздейтін белгілі бір нормалар 2023 жылғы 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді.

Бұл ретте, 2023 жылғы 24 шілдеден бастап Заңның барлық басқа нормалары, оның ішінде активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға және қайтаруға қарсы іс-қимыл жасау үшін ақпаратты мониторингілеу және талдау жөніндегі ережелер қолданысқа енгізілді.

Заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қылмыстық жолмен алынған мүлікті жылыстату саласындағы барлық заманауи халықаралық танылған стандарттар мен тәжірибелерді мұқият зерделеу және қолдану негізінде, сол сияқты заңсыз иемделінген мүлікті, оның ішінде шетелден қайтару жөніндегі Қазақстанның практикалық тәжірибесін талдау және осыған байланысты халықаралық ұйымдарымен, шет мемлекеттердің соттарымен және құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл негізінде әзірленді.

Халықаралық стандарттар конституциялық-құқықтық ережелер мен қазақстандық құқықтық жүйе мен құқықтық тәртіптің іргелі негіздерін ескере отырып, Қазақстанның ұлттық құқығына енгізілді.

Заң бастамашы депутаттардың, мемлекеттік органдардың және қоғамдық сарапшылардың (экономистер, құқықтанушылар және т. б.) қатысуымен әртүрлі алаңдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында және Парламент Палаталарының жұмыс топтарында барлық қажетті сараптамалардан және жан-жақты талқылаудан өтті.

2023 жылғы 11 шілдеде Конституциялық Сот Заңды және заңнамалық актілерге ілеспе түзетулерді қарап, оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп таныды.

Заң құқықтық ақпараттың ресми интернет-порталдарында көпшілікке қолжетімді түрде жарияланған.

Заңның мақсаты мен негіздемесі кіріспеде көрсетілген, оған сәйкес Заң қазақстандықтардың қазіргі және келешек ұрпағының мүддесі үшін, Қазақстан халқының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, құқық үстемдігін, әлеуметтік әділеттілікті, Қазақстан халқының игілігі үшін оның экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін заңсыз иемденілген активтерді қайтаруды реттейді.

Құқықтық айқындылық талаптарына сәйкес, активтеріне қатысты Заң қолданылатын субъектілердің нақты шеңбері айқындалған, сол сияқты халықаралық және шетелдік тәжірибеден Қазақстанның ұлттық заңнамасына алғаш рет енгізілетін барлық түйінді терминдер мен құқықтық институттардың анықтамалары берілген.

Осылайша, Заңда «заңсыз иемделінген активтер», «активтер», «әкімшілік-билік ресурстары», «адал иемденушілер», «адал кредиторлар», «үстеме кірістер» және т. б. ұғымдар айқындалды.

Қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл туралы қазақстандық заңнамада көзделген «жария лауазымды адамдар» ұғымын ескере отырып, Заң субъектілеріне оның мәні мен реттеу мақсаттары шеңберінде Конституцияда көрсетілген лауазымдарды атқаратын барлық адамдарды, саяси мемлекеттік қызметшілерді, депутаттарды, судьялар және басқа да жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілерді қоса алғанда, жоғары деңгейдегі шенеуніктер, мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялардағы басқарушылар, сол сияқты өздерінің әкімшілік-билік ресурстарын, байланыстары мен ықпалын пайдалану есебінен олардан активтер мен кірістер (үстеме кірістерді қоса алғанда) алған олармен үлестес олигополия субъектілері жатқызылады.

Заңсыз иемделінген активтерді жасыру мақсатында әр түрлі үшінші тұлғаларға (номиналдарға, туыстарына және т. б.) ресімдеу практикасын ескере отырып, мұндай адамдар шеңбері де Заңда қолданыстағы халықаралық стандарттар мен олардан заңсыз шығарылған активтерді іздеу және зардап шеккен мемлекеттерге қайтару саласындағы тәжірибе талап ететіндей айқындалған.

Бұл ретте Заңда субъектілер мен үлестестердің нормативтік белгіленген шеңберінен тыс субъектілік құрамды ерікті түрде кеңейту мүмкіндігі көзделмеген. Активтердің шығу көздерінің заңдылығын тексеру және мәжбүрлеп қайтару туралы талап қою үшін тізілімге Заңда нақты көрсетілген (көлемі бойынша елеулі активтерге иелік етуді қоса алғанда) белгілерге жататын субъектілер мен үлестес тұлғалар ғана енгізілуі мүмкін.

Субъектілер мен олардың үлестес тұлғалары үшін негізгі міндет Заңның 2-бабында көзделген – олар осы Заңда белгіленген жағдайларда және негіздер бойынша сотта өздеріне тиесілі активтердің шығу көздерінің заңдылығын дәлелдеуге міндетті.

Тиісінше, Заңда «заңсыз иемделінген активтер» – соттың осы Заңда көзделген негіздер бойынша пайда болуы түсініксіз (шығу көзінің заңдылығы сотқа дәлелденбеген) активтер деп тануына байланысты мемлекетке қайтарылуға жататын активтер деп анықталған.

Заңда негізі салынған активтерді қайтару процесі осы саладағы халықаралық негізгі стандарттарға сәйкес келеді, олардың маңыздылары:

мемлекеттің іс-әрекеттері заңда көзделген рәсімдер мен шарттарды қатаң сақтауға негізделген заңды болуын;
активтерді тиісті процесс негізінде және соттың шешімі бойынша ғана тәркілеуді;
азаматтық қоғам үшін, оның ішінде тәркіленген активтерді сыбайлас жемқорлықтан зардап шеккен халықтың игілігі үшін одан әрі пайдалану және ел активтерін шығару мәселелерінде ашықтықты талап етеді.
Сот бақылауы шеңберінде Заңның ережелерінде құқықтық сенімділікті қалыптастыруға және қарсылас азаматтық процесте әр тараптың өз құқықтарын қорғау мүмкіндігіне кепілдік беруге бағытталған іс жүргізу ережелері мен дәлелдеу стандарттары көзделген.

Азаматтық іс жүргізу кодексі ілеспе түзетулермен азаматтар мен ұйымдардың ерекше талап қою ісін жүргізу тәртібімен активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның кез келген заңсыз әрекеттеріне шағымдану туралы талаптарын қарауға арналған жаңа тараумен толықтырылды.

Ашықтық, заңдылық, озбырлықтан қорғау мақсатында активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның жұмысын сот арқылы ғана емес, қоғамдық бақылау да көзделген.

Атап айтқанда, сотқа дейінгі кезеңде субъектілер тізілімін қалыптастырудан бастап, ерікті түрде қайтару туралы келісімдер (және осындай келісімдердің шарттары) жасасуға не мәжбүрлеп қайтару туралы соттарға талап-арыздар беруге дейінгі барлық түйінді мәселелерді құрамына міндетті түрде атқарушы билік өкілдері ғана емес, депутаттар да, сондай-ақ елдің беделді қоғам қайраткерлері кіретін комиссияның қарауы көзделген.

Заңда жекелеген бапта активтердің шығу көздерінің заңдылығына қатысты азаматтық-құқықтық талқылау процесіне тартылған субъектілер мен үлестес тұлғалардың құқықтарын қорғаудың елеулі кепілдіктері көзделген. Бұл кепілдіктер Республика Конституциясы мен заңдарында көзделген азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған қолданыстағы нормаларды күшейтеді және толықтырады.

Уәкілетті органның заңсыз сипаттағы және жеке тұлғаларға залал келтіретін әрекеттері – мемлекеттің мүліктік жауаптылығына әкеп соғады. Заңда Азаматтық кодексте көзделген осы іргелі ереже активтерге негізсіз қамтамасыз ету шаралары қолданылған жағдайларға қатысты нақтыланады.

Ақырында, активтерді қайтару саласындағы халықаралық стандарттарға толық сәйкес Қазақстан Заңында активтерді адал иемденушілердің құқықтарын қорғауға тиісті кепілдіктер, сондай-ақ адал кредиторлар, сол сияқты активтерді заңсыз иемдену және шығару фактілері туралы хабарлаған немесе активтерді қайтаруға өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды қорғау кепілдіктері көзделген.

Активтерді қайтару процесінің ерекшелігі мен күрделілігін, шетелдік әріптестермен халықаралық-құқықтық ынтымақтастықтың жинақталған тәжірибесін назарға ала отырып, іс жүргізу және материалдық-құқықтық сипаттағы талаптарды, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау саласындағы талаптар мен кепілдіктерді мүлтіксіз сақтауға ерекше назар аударылады.

Қазақстанның шет мемлекеттермен инвестицияларды қорғау және қолдау саласындағы барлық жасалған және қолданыстағы халықаралық-құқықтық келісімдері тең дәрежеде есепке алынуға тиіс.

Айта кету керек, ұлттық қауіпсіздік туралы заңнамаға сәйкес инвестициялық белсенділіктің өсуіне кедергі жасау, Қазақстанның халықаралық аренадағы экономикалық рейтингіне нұқсан келтіру – елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін негізгі қатерлер қатарында қарастырылуда.

Қазақстан Конституциясында жеке меншік құқығының мызғымастығы, сондай-ақ әрбір адамның заңды түрде сатып алынған кез келген мүлікті жеке меншікте ұстау құқығы көзделген және кепілдендірілген.

Активтерді қайтару жөніндегі жұмыс күрделі, көп деңгейлі, кешенді сипатта болатынын, әлемнің әртүрлі елдерінде жиі кездесетін көптеген субъектілер мен активтерді тарта отырып, жүргізілетінін ескерсек, Заңда көзделген ережелер – Қазақстан Республикасы Конституциясының, Азаматтық кодексінің, басқа да заңдары мен халықаралық келісімдерінің жоғарыда аталған және өзге де нормаларын толықтырады және нығайтады.

Қазақстан Парламенті қабылдаған Заң халықаралық стандарттар мен дамыған батыс елдерінің құқық үстемдігі мен тәжірибесіне сүйене отырып, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге және Қазақстанның құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықты дамуына, Қазақстан Конституциясымен, оның халықаралық міндеттемелерімен және заңнамасымен ұлттық және шетелдік инвесторларға, кәсіпкерлік субъектілері мен жеке тұлғаларға кепілдік берілген құқықтарды қатаң сақтай отырып, активтерді елден одан әрі шығаруға ықпал ететін жағдайларды жою үшін іргелі негіз құруға бағытталған.

Осылайша, Заң адал инвесторларға, оның ішінде шетелдік инвесторларға қарсы бағытталмаған. Өзге жағдайлар болмаған жағдайда құны 13 млн АЕК (44,8 млрд теңге немесе $100 млн) асатын активтердің болуы адал инвесторларға аталған Заңның нормаларын қолдану үшін дербес негіз болып табылмайды.

Өзгелердің жаңалығы