Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда саяси партиялардың жауапкершілігі арта түсті. Осы тұрғыда «Әділет» партиясы заңнамалық бастамаларды әзірлеумен қатар, олардың өңірлерде орындалуын бақылауға және азаматтарды елдегі өзгерістерге белсенді қатыстыруға басымдық беріп отыр. Партия активінің кеңейтілген отырысында осы бағыттағы нақты міндеттер айқындалды.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, партияның тиімділігі оның мемлекеттік шешімдер мен қоғам сұранысы арасындағы байланысты қаншалықты қамтамасыз ете алатынына байланысты. Сарапшы барлық өңірде ашылатын салалық жобалық кеңселер жергілікті мәселелерді жүйелі бақылауға мүмкіндік беретінін айтады. Бұл ретте партияның міндеті тек бастамаларды қолдаумен шектелмей, азаматтардың ұсыныстарын ескеріп, оларды нақты шешімдерге айналдыру болуы керек.
Ал саясаттанушы Эдуард Полетаев партияның бұл жұмысын заңнамалық өзгерістермен ұштастырудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу, шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін пысықтау және инфрақұрылымның цифрлық моделін құру – азаматтар мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға бағытталған маңызды қадам. Сонымен бірге тұрғын үйлерді күтіп-ұстаудың ашық стандарттарын енгізу және «Халықтық құрылыс» аясында тұрғындардың ұсыныстарын ескеру көзделіп отыр.
Журналист Алмас Алтай партияның жаңа жұмыс тәсілінің тағы бір маңызды қыры – халықпен тікелей байланыс екенін айтады. Алдағы бір айда жоспарланған 3 мыңнан астам кездесу шалғай ауылдарды да қамтиды. Оның пікірінше, мұндай кездесулердің нәтижесі тек ақпараттық түсіндірумен шектелмеуі керек. Тұрғындардың талап-тілектері нақты бастамаларға ұласып, жастарды еңбек жасақтарына тарту, студенттердің ірі құрылыс жобаларына қатысуы және жасанды интеллект саласындағы дағдыларын дамыту сияқты бағыттарда жалғасын табуы қажет.
Сарапшылардың пікірлерінен шығатын ортақ тұжырым – партия жұмысының нәтижесі оның қоғамдық бақылау, заңнамалық қолдау және азаматтармен тұрақты диалогты бір жүйеге біріктіре алуымен өлшенеді. Ал бұл үдерістің басты көрсеткіші – қабылданған шешімдердің халықтың күнделікті өміріне тигізген нақты әсері. Сапалы инфрақұрылым, қорғалған кәсіпкерлік, қолжетімді медицина және шешімін тапқан әлеуметтік мәселелер реформалардың шынайы нәтижесін айқындайды.