Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының негізгі бағыттарын айқындап, Үкімет пен мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Құрылтайдан кейін бұл міндеттердің бір бөлігі бойынша нақты шешімдер қабылданып, іске асырыла бастады.
BAQ.KZ тілшісі Ұлттық құрылтай мүшелері мен сарапшылардың Бурабайда өткен жиында Президент берген тапсырмалар қалай орындалып жатқаны жайлы ойын білді.
Соңғы жылдары басталған институционалдық өзгерістер жалғасын тауып жатыр. 2025 жылдан бастап барлық аудан әкімдерін тікелей сайлау енгізіліп, жергілікті басқаруды жетілдіруге бағытталған жаңа нормативтік құжаттар қабылданды.
Құрылтайда Президент салық реформасын кейінге қалдыруға болмайтынын атап өткен еді. Құрылтайдан кейін әлеуметтік салық пен аударымдар қайта қаралып, ҚҚС жүйесіне қатысты жаңа тәсілдер әзірленді. Жаңа Салық кодексі қабылданып, өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым 2025 жылды экономикалық реформалардың алғышартты жылы деп атады.

Мықты мемлекет мықты экономикадан тұрады. 2025 жылы осы мақсатта салық, су, құрылыс және бюджет кодекстері түбегейлі қайта жазылды. Олар алдағы жылдан бастап іске қосылады. Мұның барлығы болашақта қуатты экономиканың негізін қалайды, – дейді депутат.
2025 жылы Бурабайда Президент азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асатын, әрі нақты нәтиже көрсете алатын мемлекет қалыптастыру қажеттігін атап өткен болатын.
Айдос Сарымның айтуынша, Ұлттық құрылтайдың басқа жиындардан басты айырмашылығы – нақты заңнамалық нәтижелерге қол жеткізуі.
Құрылтайда көтерілген мәселелердің негізінде бүгінге дейін 10-ға жуық заң қабылданды, – деп атап өтті депутат.
Сонымен қатар Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Ұлттық құрылтайдың жұмысына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл жиындарда қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ондаған заң қаралған.

Қабылданған негізгі заңдар қоғамның дамуына қатысты және жылдар бойы қордаланған түйткілдерді қамтиды. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан бастап ұлттық құндылықтарды нығайтуға дейінгі мәселелер бар. Тек төртінші отырыстың қорытындысы бойынша архив ісі, есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес салаларын қамтитын 10 заң қабылданды. Менің ойымша, Ұлттық құрылтайдың әрбір отырысы нақты нәтиже беріп келеді, оның оң әсерін қазірдің өзінде қоғамнан көріп отырмыз, – деп атап өтті Бибігүл Жексенбай.
Ұлттық құрылтайдың әр отырысында қаралатын мәселелер өте көп. Ұлттық құрылтайдың 100-ден аса мүшесінің әр сала, әр өңір бойынша жинақтаған мәселелері қарастырылады. Әрине, бұл еліміздің әлеуметтік, экономикалық жағдайына, жалпы қауіпсіздігіне, мәдениет пен өнер саласына да байланысты мәселелерді қамтиды деп ойлаймын. Соның ішінде, Парламенттік реформалар туралы да айтылуы мүмкін, - дейді сенатор.
Сонымен қатар Бибігүл Жексенбай былтыр желтоқсан айында өткен Ұлттық құрылтайдың секциялық жұмысында қандай ұсыныс білдіргеніне тоқталды.
Жалпы Парламентте 30 жылда өкінішке қарай, қазақ тілінде тек екі-ақ заңның түпнұсқасы дайындалып, қабылданды. Сондықтан жаңа парламенттік реформадан кейін мүмкіндікті қарастыра отырып, заңның түпнұсқасы екі тілде дайындалуы қажет деп есептеймін. Бұл Швеция сияқты екі тіл қатар жүретін мемлекеттерде бар практика, - деді сенатор.
Сондай-ақ Бурабайдағы жиында экономиканың нақты секторын дамытуға басымдық берілді. Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз автожол жобасы мемлекеттік жоспарға енгізіліп, жаңа теміржол және логистикалық бағыттарды дамыту басталды. Өңірлік инфрақұрылымды дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.
Оған қоса Қазақстанды цифрлық хабқа айналдыру мақсатында ұлттық іс-шаралар жоспары қабылданып, Цифрлық кодекс әзірленді. Мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру жалғасып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды.
Өңірлер арасындағы теңсіздікті азайту мақсатында 2025-2030 жылдарға арналған Өңірлік даму тұжырымдамасы бекітіліп, аймақтардың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бағдарламалар іске қосылды.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов былтыр жыл соңында Ұлттық құрылтай секциясына қатысып, бірнеше ұсынысын айтқан.
Мен экономиканы дамыту бағытында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың тиімділігін арттыру, жеңілдетілген несие жүйесін қалыптастыру, отандық тауар өндірушілердің цифрлық платформасын іске қосу және оларды қолдау жөнінде ұсыныстар білдірдім.Сондай-ақ Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қолдауды жетілдіру, комиссия жұмысының тиімділігін арттыру, нақты шешімдер қабылдау мәселелері көтеріліп, тиісті ұсыныстар жеткізілді, - деді депутат.
Сонымен қатар Сабильянов жиында өңірлерде мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, жөндеу жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында білім саласын қаржыландыруды облыстық бюджеттен аудандық бюджеттерге беру жөнінде ұсыныс жасаған.
Жалпы алғанда, Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар нақты шешімдермен бекітіліп, мемлекеттік саясатта біртіндеп жүзеге асырылып жатыр.