Үкіметтік заң жобаларының сапасына екпін қою керек - Нығматулин

5 Шілде 2019, 18:10
2129
Бөлісу:
Үкіметтік заң жобаларының сапасына екпін қою керек - Нығматулин

Нұр-Сұлтан, BAQ тілшісі. Бүгін Мәжіліс үйінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Жиында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин алтыншы сайланған Парламенттің төртінші сессиясын қорытындылады. Бұған қоса, алдағы сессиядағы жұмыс жоспарымен бөлісті.

«Алдағы бесінші сессия жұмысын айта кетсек, Парламент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы мен әлеуметтік қамқорлық бастамаларын іске асыруға арналған жұмыстарды одан әрі жалғастырады. Сонымен бірге, депутаттар өз жұмыстарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған 10 негізгі бағытты басшылыққа алады. Қазіргі уақытта Парламент қоржынында 34 заң жобасы бар. Біздің алдымызда «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды қабылдау міндеті тұр. Бұл құжаттың негізгі мақсаты - халықтың өмір сапасын жақсартуға арналған мемлекеттік бағдарламаларға тиісті қаражат бөлуді қамтамасыз ету. Сонымен бірге, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс, сондай-ақ жаңа Экологиялық кодексті қабылдау бірінші кезектегі маңызды жұмыстардың бірі. Бұған қоса, болашақ ұрпақты тәрбиелейтін, үлкен жауапкершілікті қажет ететін педагог мәртебесі туралы және мәдениет мәселелеріне арналған заңдарымыз бар. Алдағы сессияда Парламентте тарихи маңызы зор ірі халықаралық шара өтеді. Биылғы қыркүйекте елордада Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің төртінші форумы болады. «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» деп аталатын маңызды жиынға 60-тан астам елдің парламент басшылары қатысады. Сонымен бірге, 16 халықаралық және парламенттік ұйым басшылары келеді деп күтілуде», - деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс төрағасы өз сөзінде Үкіметтің заң жобалау жұмысына баса назар аудару керектігін де баса айтты.

«Баршаңызға белгілі, елімізде заң шығару міндеті Үкіметке және Парламентке берілген. Әрине, Парламент пен Үкімет өзара тиімді қызмет атқарғанымен, орын алған кемшіліктер де әлі аз емес. Ол кемшіліктерге дер кезінде назар аудару - заң шығару жұмысымыздың сапалы болуының кепілі. Осы орайда, Үкіметтің заң жобалау қызметіне баса назар аудару қажет. Себебі, Үкіметтің заң жобалау жұмысы әлі де жоғары деңгейде емес деп айтуға болады. Сондықтан, үкіметтік заң жобаларының сапасына екпін қою керек. Осы көтерген мәселені ескеріп, Үкімет аталған кемшіліктерге назар аударады деп сенеміз»,- деп түйіндеді Нұрлан Нығматулин.

Өзгелердің жаңалығы