Заң үстемдігі туралы айтамыз, бірақ оқымаймыз – заңгер

Жаңа Конституция 11 тарау, 95 баптан тұрады. Құжатта цифрландыру дәуіріне қажетті нормалар қамтылған. Алайда заңгер Марғұлан Ермағанбет қоғамның құқықтық санасы әлі де әлсіз екенін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 BAQ.KZ  Бүгiн 2026, 12:03
Бүгiн 2026, 12:03
343

Жаңа Конституция 11 тарау, 95 баптан тұрады. Құжатта цифрландыру дәуіріне қажетті нормалар қамтылған. Алайда заңгер Марғұлан Ермағанбет қоғамның құқықтық санасы әлі де әлсіз екенін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заңгердің айтуынша, жаңа Конституция – уақыт талабынан туған құжат. Әлем өзгеріп, цифрландыру қарқынды жүріп жатқан кезеңде негізгі заңда қажетті тетіктердің барлығы ескерілген.

Жаңа Конституция 11 тарау, 95 баптан тұрады. Әлем өзгеріп жатыр, цифрландыру жедел жүріп жатыр. Заңда қажет дүниенің бәрі қамтылды. Конституцияда әр мәселені ұсақ-түйегіне дейін реттеудің қажеті жоқ. Бұл жерде негізгі алғышарттар жазылады, – дейді Марғұлан Ермағанбет.

Ол жаңа нұсқаның преамбуласында «Заң мен тәртіп» қағидатын үстем ету талабы енгізілгенін атап өтті.

«Заң мен тәртіп» қағидаты преамбулада айқын көрсетіледі. Біз сол қағидат бойынша өмір сүруіміз керек. Әділетті мемлекет орнату үшін, ең алдымен, азаматтар заң үстемдігі қағидатына сай әрекет етуі тиіс. Кез келген заң азаматтарға бағдарланып, әділеттілік пен ашықтық принциптеріне негізделіп әзірленеді, – дейді заңгер.

Сонымен қатар ол құқықтық сананы қалыптастыруда кемшіліктер барын жасырмады. Оның сөзінше, алаяқтық фактілерінің көбеюі азаматтардың құқықтық сауаттылығының әлі де төмен екенін көрсетеді.

Кейбір азаматтар мемлекет ұсынған игіліктерге де дұрыс қол жеткізе алмайды. Себебі қарапайым нормативтік-құқықтық актіні оқымайды немесе оқығысы келмейді. Нәтижесінде әркімнің сөзіне еріп кетеді. Кейін салалық маман емес адамдардың, соның ішінде блогерлердің пікіріне сенеді. «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне өмірінде бір рет те кіріп көрмеген адамдар бар. Бұл – қоғамның шынайы көрінісі, – деді ол.

Заңгер жаңа Конституцияны талқылауда эмоция емес, нақты мәтінге сүйену маңызды екенін айтты.

Кеше бір отырыста таныстарыма «Жаңа Конституцияның нұсқасын оқып шықтыңдар ма?» деп сұрадым. Бірақ оны оқымай-ақ пікір айтып отырғандар көп болды. Бұл – шынайы ақпаратқа сүйенудің жоқтығын білдіреді, – деді Марғұлан Ермағанбет.

Сарапшының пікірінше, құқықтық мемлекет құру тек заң мәтінін қабылдаумен шектелмейді. Ол үшін азаматтардың құқықтық мәдениеті мен жауапкершілігі қатар қалыптасуы тиіс.

Наверх