Заң талаптарын орындау не үшін қажет?

14 Желтоқсан 2022, 11:15
2874
Бөлісу:
Заң талаптарын орындау не үшін қажет?

Сарапшылар заң талаптарын орындаудың маңызы, құқықтық мемлекет құрылуы үшін не істеу керегін BAQ.KZ тілшісіне айтып берді. 

«Заң жұмыс істейтін мемлекетті бірден аңғаруға болады»

Ақын Ғалым Жайлыбай заң талаптарына бағынуды өмір сүру қағидасы ретінде қарастырады, сондай-ақ ол заңның үлкен-кішісі болмайтынын атады. 

Кез келген қоғам заң талаптарына бағынып өмір сүруі керек, яғни кез келген қоғам мүшесінің заңмен жүруі маңызды. Бұл – өмір сүру қағидасы. Қоғам социалистік болсын, капиталистік болсын бәрібір оның бекітілген қоғамдық тәртібі, заң талаптары болады, оның үлкен-кішісі болмайды, - деді ақын.

Ол сонымен қатар 2-3 жыл бұрын шетелге барғандағы жеке оқиғасымен бөлісіп, заң жұмыс істейтін мемлекетті бірден білуге болатынын айтты. 

Шет мемлекеттерге барғанда заң жұмыс істейтін мемлекетті бірден аңғаруға болады. Мен осыдан бірнеше жыл бұрын Иордания Корольдігінде болдым. Ол мемлекетке кірмей жатып заңның қатты жұмыс істейтінін байқадым. Алматыдан ұшқанда чемоданымды регистрация арқылы өткізсем де, Амман әуежайында болмай шықты. Маған бірден кешке жиынға баратын киімдерімді алып берді. Сол жиыннан қайтып келсем, чемоданымды отельге әкеліп, бөлмеге қойып кетіпті, - деп бөлісті Ғалым Жайлыбай.

Ақын Тәукенің «Жеті жарғысынан» бері қазақ қоғамы заңға қатты сүйенгенін айтады. Бабаларымыз бас қосқан жиын-құрылтайларды, олардың жер дауы, жесір дауларымен билердің сотына жүгінуін сол кездегі заң талаптары деп түсіну керегін жеткізді.     

Заң талаптары біздің әр сәтімізде, әр күнімізде жүзеге асып тұруы керек. Қоғамдық тәртіпке бағынуды мектеп жасынан бастап үйрету керек. Ол мемлекеттің гүлденуінің алғышарты, негізі деп ойлаймын, - деді ол. 

«Әділетті Қазақстанда заң жоғары болуы керек»

Саясаттанушы Аман Мәмбеталиев заң талаптарын орындау үшін қазақ қоғамы алдымен заңды білуі керегін айтады.  

Біздің қоғам көбінесе заңды білмейді, заң жүйесін түсінбейді. Өкінішке қарай, заң процедурасы қалай жүзеге асады, оған кім жауап береді, кімнің қандай құқығы барынан хабары жоқ. Сондықтан бірінші кезең – білім. Халық заң жүйесі, яғни заң не үшін, қалай қабылданатыны, ары қарай қалай орындалатыны туралы ақпарат алу керек, - деді ол.

Сонымен қатар, саясаттанушы заңға қатысты жүйелерде ашықтықтың болуы, қоғамның билікке сенімін қайтару маңызды екенін атады. Құқықтық мемлекет құрылса, аяққа тұрса және оның прецедентін қоғам көрсе, қоғамның өзі де өзгеретінін айтты.

Қоғамның сана сезімі, мәдениеті өзгеруі керек. Оған да уақыт керек. Біз 70 жыл таза коммунистік қоғамда өмір сүргенімізді түсінуіміз керек. 30 жыл ескі Қазақстан ішіндегі жүйеден өттік. Екеуінде де заң бойынша әділетті жүйе болған жоқ. Жоғары лауазымдағы адамдардың кейбіріне заң жүрмеген еді. Сондықтан қазіргі Президент айтқандай, әділетті Қазақстанда заң жоғары болуы керек, - деді саясаттанушы. 

Ол сондай-ақ құқықтық қоғамда әр адам өз жауапкершілігін сезінетінін мысалмен түсіндірді.

Әр азамат ешкім көрмей тұрған кезде, камера жоқ кезде жол бұзбай, өз-өзіне жауапкершілік алса ғана құқықтық қоғам құрылды деген сөз, - деді ол.   

Өзгелердің жаңалығы