Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті депутаты Үнзила Шапақ білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат қазір заңды қазақша жазатын әлеуетіміз барын баса айтты.
Біз өзіміз бастамамен бір заң жаза аламыз. Себебі қазір заң шығарушы органның депутаттарының құрамына қарасақ, ондай әлеует бар. Бірақ ол тағы да бір акция сияқты болып қалады. "Бір заң шығарыпты. Бәрекелді! Ана депутат мықты екен" дейді де, сонымен қалып қалмауы керек, – деді ол.
Үнзила Шапақ заң жатық қазақ тілінде жазылуы керегін жеткізді.
Заң жатық қазақ тілінде жазылуы керек. Қазақ тілі нормативтік жүктеме алатын тілге ыңғайланды. Нормативтік тіл дегеніміз – жүктемелік тіл деген сөз. Соны тек заң мамандары ғана біледі, аударма мамандары білмейді. Бұл үшін заңның жобасын, қайталап айтамын, кәсіби мамандар әзірлеу керек, – деді депутат.