Қарағандыда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту жолдары талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарағандыда "Заң мен тәртіп" апталығы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Іс-шарада жемқорлықтың алдын алу, жастар арасында адалдық құндылықтарын насихаттау және мемлекеттік сатып алулардағы ашықтық мәселелері кеңінен қозғалды.
Кеңес отырысына Агенттік төрағасы Асхат Жұмағали, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Мәжіліс депутаты Марат Башимов, қоғам белсенділері, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекеме өкілдері қатысты.
Асхат Жұмағали жемқорлықпен күрес тек заңмен шектелмей, қоғамдағы адамгершілік құндылықтарға сүйенуі тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптаспаған жағдайда нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан агенттік жастар арасында "Адал азамат" қағидаты бойынша белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жиында жастардың жемқорлыққа қарсы волонтерлік жобаларға қатысуы, тренингтер мен флешмобтар өткізуі, құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері қозғалды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев басқаруда ашықтық пен әділдік орнату үшін азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті дамыту маңызды екенін атап өтті.
Кеңес барысында мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар, әлеуметтік нысандардың уақтылы әрі сапалы салынуы, жер телімдерін бөлу, жайылым мәселесі, ЖЭО-лардағы жабдықтардың тозуы және қоршаған ортаның ластануы сынды мәселелер де назардан тыс қалмады.
Жиын соңында Қоғамдық кеңес облыс әкімдігіне жемқорлық тәуекелдерін азайту бойынша нақты ұсыныстар беріп, азаматтық қоғам мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы серіктестікті одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.
Еске салсақ, Қазақстанда жемқорлыққа қарсы күрес қалай жүріп жатқаны туралы инфографика жасап салған едік. Онда 2025 жылдың алғашқы 6 ай қорытындысы жарияланған.