Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кейбір әскери қызметшілер өздерінің жекеменшік үйлері бола тұра, жалға берілетін баспанаға мемлекеттен төлемақы алып келген.
Өзінің қызмет бабын асыра пайдаланған осындай заңсыз әрекеттерге қарсы министрлік қандай қадам жасап жатыр және қалай шешімін таппақшы.Бүгін өткен Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі заңсыз компенсация алған әскерилерге қатысты жауап берді.
Бұған дейін жасанды түрде тұрғын-үй ахуалын төмендету, жалған түрде некесін бұзу, өз үйін басқа туысының атына жаздыру фактілер орын алғаны белгілі болған еді.
Қандайда бір әскери қызметші қулық-сұмдыққа барып, астыртын әрекет етсе заң алдында жауап береді. Орын алған фактілер бар. Тиісті құзыретті органдар жұмыс істеп жатыр. Алайда, көптеп кездеседі деп айта алмаймын. Бірлі-жарым жағдайлар болғаны рас. Мұнымен түбегейлі күресудеміз. Тағы бір жәйтті ескеріп өткім келеді, мәселен Нұр-Сұлтан қаласында өз пәтері бар әскери қызметші Гвардейский гарнизонына қызмет бабымен ауысса сол жерден қызметтік баспана алуға құқығы бар, - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бауыржан Тортаев.
Сондай-ақ, Бауыржан Тортаев отырыс барысында 2019 жылы Қорғаныс министрлігіне бюджеттен 70 млрд теңге қаражат бөлу қарастырылса, келесі 2020 жылға 65 млрд теңге сомасында қаржы бөлу Сенаттың қарауындағы заңда көзделгенін айта кетті. Яғни, жылдан-жылға қаражат көлемі азайып келетінін атап өтті.