Зағиптер де заманға бейімделе алады – Тәңірбергенова

6 Ақпан 2020, 23:45
5475
Бөлісу:
Зағиптер де заманға бейімделе алады – Тәңірбергенова
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда 1937 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Қазақ зағиптер қоғамы" қоғамдық бірлестігі зағип жандардың заман ағысынан қалыспай, жаңашылдықтарды меңгеруіне ықпал етіп келеді. Бұл туралы осы ұйымды басқарып отырған Мәрия Тәңірбергенова айтып берді.

– Зағиптер қоғамының бүгінгі тынысы қандай?

– Қазақ зағиптер қоғамының елімізде 18 филиалы тіркелген. Қазақстан бойынша 22 мыңнан астам зағиптар тіркелсе, Ақмола облысында олардың саны 1400-ден асады. 200-ге жуығы Көкшетау қаласында тұрады. Бұл тек ресми тіркелгені ғана, ал үйлерінде отырғандары қаншама.

Бұрындары ұйымның өзінің дүркіреген кәсіпорны болатын. Онда тұрмысқа, өнеркәсіпке қажетті көптеген заттар шығарылатын. Ол кәсіпорында 100-ден астам адам жұмыс істеді. Өкінішке орай, тоқырау кезеңінде жұмыстары тоқтап қалды. Қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның шығаратын өнімі бірен-саран. Әлбетте, мұның бір себебі сұранысқа да байланысты. Қазіргі күні кітапханамыз жұмыс істеп тұр. Зағип жандар шахмат тақтасын көре алмаса да оны сезініп ойнайды. Спортпен айналысатын мүмкіндігі шектеулі азаматтар көп.

– Жанары көрмесе де жүрегі көретін жандардың өмірге деген құштарлықтары ерекше дейсіз ғой...

– Қиындықты жеңе білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Зағип жандарды кемтарлығына қарап сырт көз сынағанымен, рухани күші мол жандар он екі мүшесі түгел азаматтардан артық қызмет атқарып жүр. Володя Селиванов есімді мүмкіндігі шектеулі азамат біздің қоғамдағы корпоративтік қордың президенті. Интернет бизнесін жан-жақты меңгерген. Щучинск қаласында бір ер азамат отыз жасында көлік апатының салдарынан екі көзінен бірдей айырылған. Қайғылы оқиғадан кейін жары ажырасып кеткен. Сөйтіп анасымен қалған. Қатты азаптанып, қиналса да мойымаған. Мұқалмас жігер алға жетелейді. Бүгінде ол отбасын құрып, жары, балаларымен бақытты өмір сүріп жатыр.

– Көру мүмкіндігі шектелген жандарға қандай жеңілдіктер жасалған?

– Жергілікті бюджет есебінен зағиптерге қажетті құралдар, шипажайлық-курорттық емделуге жолдамалар беріледі. Көру қабілеті нашар адамдарға арналған механикалық сағаттың циферблатында цифрлар кедір-бұдырланған нүктелермен қайталанған. Брайль жүйесі бойынша құрал жазу жұмысын орындауға арналған.

– Зағиптарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде?

– Жасырары жоқ, бос жұмыс жәрмеңкелерінде оларды жұмысқа ала қоймайды. Өйткені жұмыс орындарында мүгедектер үшін жағдай қарастырылмаған. Айталық, біздің тігіншілеріміздің мүмкіндігі шектеулі. Оларға міндетті түрде көмекші қажет. Мысалы, есту қабілетінен айырылғандар жүк түсіруші, аспаз болып жұмыс істей алады. Ал зағип жандарды жұмысқа орналастыру үшін алдымен жағдай жасалуы тиіс. Маңыздысы, жұмысқа уақытша емес, тұрақты түрде орналастыру мәселесін түбегейлі шешкен жөн.

– Зағип жандарды қоғамға бейімдеуде қандай қиындықтар бар?

– Туғаннан зағип жандар арнайы мектептерде оқып, өмірге бейімделеді. Ал кейін көрмей қалған жандарға айрықша қамқорлық қажет. Кейбір ата-аналар көру қабілеті нашар балаларын арнайы интернатта оқытуға қарсылық танытып жатады. Мұндай балаларға ата-ана тарапынан көп қолдау керек. Айталық, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының солист-аспапшысы Әлібек Ахмалишевтің өнер адамы ретінде қалыптасуына анасы көп ықпал етті. Бұл жерде көп нәрсе адамның өзіне де байланысты. Көп адамдар кәсіппен айналысқысы келгенімен, қолдау таппай жатады. Көмекке зәру жандарға қол ұшын созуға біздің ұйымның есігі әрдайым ашық.

– Өңірде инклюзивті білім беру қалай жүзеге асырылуда?

– Бұл жерде түйткілді мәселелер көп. Меніңше, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы интернаттар жұмыс істегені дұрыс. Өйткені Брайль әдісін меңгерген оқытушылар аз. Алматы, Қарағандыдағы интернаттар кеңес дәуірінен бері жұмыс істеп келеді. Мұнда арнайы бағдарлама, оқулықтармен оқытылады. Яғни әр баламен жеке жұмыс жүргізіледі.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар заман ағысынан қалыспай, жаңашылдықтарды да дер кезінде меңгергісі келеді. Зағип жандар компьютер, смартфон тілін аса құлшыныспен игеруде. Целиноград ауданында тұратын Ирина есімді қызымыз зағиптерге арналған техниканың бәрін меңгеріп алған. Іздеген адамына өзі хабарласа алады. Осы ретте, зағиптер де заманға бейімделе алады дер едім.

– Қоғамдық орындарда зағип жандардың жүріп-тұруына қаншалықты жағдай жасалған?

– Мүгедектерге кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында жаңа автобустарда сары түсті белдіктер орнатылған. Қалада дыбысты бағдаршамдар да көбейіп келеді. Қаладағы "Бурабай" спорт кешенінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бассейн, мұз айдыны, тренажерлер тегін жұмыс істейді. Зағип жандар қоғамдық орындарда түрлі кедергілерге тап болып жатады. Көптеген мекемелерде арнайы сары түсті белгілер жоқ, едендер бір түсті, қолайсыз. Көзі нашар көретіндер үшін бұл қиындық туғызады. Ойын-сауық орталықтарындағы шыны бутиктердің ашық не жабық екенін көру де қиын. Көпқабатты үйлердің көбінде пандустар орнатылмаған. Көп ғимаратта жоғары қабатқа көтерілетін лифттер істемейді, қызметкерді шақыратын тетік пен "Мүгедектер үшін қолжетімді" деген белгі жоқ. Вокзалдағы басқыштарда арнайы жолақтар жоғарыға көтерілгенде ғана көрінеді, яғни төменге түсу белгілерін қою ұмытылған.

Өзгелердің жаңалығы