Z ұрпағы. Олар кімдер?

18 Ақпан 2021, 10:43
23089
Бөлісу:
Z ұрпағы. Олар кімдер?
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұрпақтар уақыт өткен сайын өзгеретіні рас. Бұл белгілі санатқа бөлінгендіктен болар. Мәселен, X ұрпағына 1963-1984 жылдары дүниеге келгендер жатады. Ал Y немесе миллениумға 1981- 2000 жылғылар кіреді. XXI ғасыр басталғалы өмір сүріп жатқандар - Z ұрпағы. Бұл ұрпақтар санатының жастары географиялық орынға байланысты сәл-пәл өзгеруі мүмкін.

ХХІ ғасырдың ұрпағы «центениалдар», «z ұрпағы» немесе «homelanders» деп аталады. Ағылшын тілінен аударғанда «centennial» жүз жылдық дегенді білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, центениалдар - бұл биотехнологияның белсенді дамуына байланысты шамамен 100 жыл өмір сүретін адамдардың ұрпағы.

Нумеролог Құралай Бақытқызы XXI ғасырда туған балаларды «Ай балалары» дейді.

Z ұрпағы немесе индиго балалар деп жатады. 2 саны энергетика, магнетизм, экстрасенсорикалық қабілеттердің болуын білдіреді. Бұл балалардың бойында күш-қуат мол. Олар стратегиялық жоспарлауды ұнатпайды, қазіргі сәтте барлығын алып қалуды қалайды. Лозунг, плакаттарға көп сенбейді. Ақпаратты фильтрден өткізе алады. Өте сезімтал, өздерін тез табады. Үлкен адамдар үш-төрт жұмысты қатар істеп жүріп барып, «мынау маған жақын екен» деп шешімін табады ғой. Ал бұл ұрпақ жанына жақын дүниені тез табады, 6-сезімі ашық, - деді ол.

Z ұрпағы. Олар кімдер?

Нумеролог атағандай, бұл ұрпақтың балалары ерте есейеді.

Олар ерте есейіп, ерте жұмыс істегендіктен, ерте ақша табады. Көп жағдайда отбасылық құндылықтары аз болуы мүмкін. «Саяхаттап, ел-жерді көріп өмір сүруге болады» деп топшылайды. Олар үй алып, бір жерге байланып тұрудың өзі жат нәрсе деп есептейді. Ел-жер көріп, өмірден ләззат алуды мақсат етеді. Тұрақтылық жоқ, - деді Құралай Бақытқызы.

Маман атағандай, басқа ұрпақтың адамдары жылдар бойы тексерілген дүниеге сенсе, Z ұрпақ жаңалыққа жақын.

Бұл ұрпақ жаңадан шығып жатқан инновация, технологияға жақын. Бұл балалар командалық жұмыстарға бейім. Коммуникацияға ашық болып келеді. Аз уақыт ішінде логикаға сүйеніп, тез шешім қабылдай алады, - деді ол.
Нумеролог атағандай, бұл ұрпақтың өкілдері кез келген адаммен жас ерекшелігіне қарамастан, тез тіл табыса алады. 
Олар ұялмайды. Ғалымдар сияқты жаңа нәрсе ойлап табуға бейім болып келеді. Логикалары шапшаң, олар көп прогресс әкелуі мүмкін. Олардан көп дүние үйренуге болады. Біраз жағдайдың дұрыс екенін сезеді және оған басқаларды үйрете алады. Тек отбасылық құндылық пен моральді ақсатып алуы мүмкін. Себебі оларда тәртіп жоқ, біреуге жағу мен ұнау оларға жат, тек өздері үшін ғана өмір сүреді, - деді ол.

Компьютер заманында дүниеге келгендердің түсінігі мен көзқарасы өзгеше екеніне өзіміздің де көзіміз жетіп жүр. Осы ұрпаққа жататындардың қызығушылығы қандай? Арман-мақсаты не? Осы ұрпақтың өкілдерінен сұрап білдік.

Раушан, 20 жаста

Шетелге шығып, саяхаттау, әртүрлі елде 1-2 ай тұрып келсем деп армандаймын. Бала кезімде кітап пен журналға қызығушылығым үлкен болды, қазір интернеттегі дизайнға қызығушылығым зор. Негізі бір нәрсемен шектелгенді ұнатпаймын, ат спортын, құмыра жасау өнерін меңгергім келіп жүр, - дейді ол.

Раушан Арманқызы бос уақытында билеп, әуен тыңдағанды жақсы көретінін айтты.

Z ұрпағы. Олар кімдер?

Фильмдердің ішінен айтары бар мағыналы фильмдерді көргенді ұнатамын. Соңғы кезде Clubhouse деген әлеуметтік желіге кіріп жүрмін. Ел алдында жүрген, тәжірибелі бизнесмен, жетістікке жеткен аға-апаларымызбен әңгімелесіп отырғандай боласың. Оның ішінде журналист, блогер Өркен Кенжебек пен Бейбіт Әлібеков бар. Өмірде кездестірмеген тұлғалардың айтарын тыңдауға интернет көп мүмкіндік береді, - деді ол.
Раушан айтқандай, оның кумирі мен идеал тұтатын тұлғасы жоқ.
Музыкадан BTS, Ninety one, Ariana Grande, Мархаба Сәби, Raimның шығармашылығы ұнайды. Бірақ тренд болсын, болмасын ұнаған әндерді тыңдай беремін. Мағыналы болса болды. Playlist-імде Мұзарттың, Қайрат Нұртастың, Dua Lipa, Blackpink, француз әндері де бар. Көңіл-күйіме қарай тыңдай беремін, - деді Z ұрпағының өкілі.

Раушан өзін ерекше деп есептемейтінін, бірақ заманға қарай тұлғалар өзгеше болатынын жеткізді.

Өзімді ерекшемін деп айтпаймын, ол үйдегі тәрбиеге де байланысты. Бірақ заманына қарай балалардың ойлауында өзгешеліктер бар деп ойлаймын. Болуы да керек, уақыт басқа, қалыпты нәрсе. Әсіресе, бізден кейін дүниеге келгендерде. Оның айыбы жоқ. Өмірдің мәні құндылықтарды сақтауда шығар. Білмеймін, ойланып көрмеппін. Пайдаңды тигізбесең де, зияныңды тигізбе деген сөз бар. Айналаңа шамаң келгенше көмек көрсетіп, ішкі меніңді жоғалтпай, бақытты болуда деп айтар едім, - деді Раушан Арманқызы.

Әділбек, 14 жаста

Әділбек стрим (тікелей эфирге негізделген видео немесе аудио контент) тыңдайтынын айтты.

Z ұрпағы. Олар кімдер?

Шетелдік әндерді көп тыңдаймын. Көп жағдайда сериал мен фильм көремін. Болашақта кім болатынымды әлі нақты шешкен жоқпын. Қарастырып жатырмын. Өмірдің мәні оны босқа өткізбеуде деп ойлаймын. Себебі әрбір адамның миссиясы болады, - дейді Әділбек Айбекұлы.

Ернұр, 10 жаста

Мен №27 мектеп-лицейінің 5-сынып окушысымын. Қазір онлайн сабақ оқып жүрмін. Сыныптастармен тек смартфонмен ғана сөйлесемін. Бір жыл бойы көп досымды көрген жоқпын. Әр балада үлкен армандар болады. Менің де үлкен армандарым бар. Ең бірінші, қазақ елінің патриот азаматы боламын, содан кейінгі арманым - хоккейст болу. Әншілерден маған Димаш Құдайберген ұнайды. Әлемге қазақты танытып жүр, - дейді Ернұр Әбліхайыр.

Z ұрпағы. Олар кімдер?  

Ол бос уакытында хоккей ойнайтынын айтты.

Мектебіміздің жанында мұз айдыны бар. Жуырда сынып жетекшіміз қызықты оқылым бойынша Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы» әңгімесін оқуға берді. Қазір соны оқып жүрмін. Менің қатарластарым спортты жақсы көреді. Смарфондағы ойындарды ойнаймыз. Мектепте қазақша білім алсақ та, орысша сөйлесіп кетеміз. Мен Youtubе-та А 4 арнасын қараймын. Онда әртүрлі ойындардың шешімін көрсетеді. Түрлі тақырыптағы челлендждерді де тамашалаймын, - деді ол.

Әлихан, 8 жаста

Әлихан да Youtubе-та А 4 арнасын көретінін айтты. Оның арманы - үлкен зәулім үйінің болуы. Тыңдайтын әншісі – Егор Крид.

Z ұрпағы. Олар кімдер?

Бос уақытымда достарыммен серуендеймін. Мен хоккей жаттығуына барып жүрмін. Мен өскенде полиция болғым келеді. Себебі олар мықты, шетелдік кинолардағыдай әділ, азаматтарды қорғағым келеді, - дейді Әлихан Әлібек.

Ерасыл, 8 жаста

Мен Youtubе-та «майнкрафт» бойынша блогерлерді көремін. Мен ойын жасаушысы болғым келеді. Өзім ойындарға қызығатындықтан, әртүрлі ойындарды шығарғым келеді. Олар қазіргі заманғы ойындар сияқты танымал болуын қалаймын. Ал менің сүйіп тыңдайтын әншім – Қайрат Нұртас. Бос уақытымда атағанымдай, Youtubе көремін, - деді Ерасыл Марат.

Z ұрпағы. Олар кімдер?

Ерасыл замандастары да өзі сияқты жақсы оқуға тырысатынын айтады.

Себебі біз қазір онлайн оқып жатырмыз. Мен үшін өмірдің мәні – отбасында. Отбасы деген - махаббат. Ал өмірдің мәні осында деп олаймын, - дейді Ерасыл.

Айта кетейік, McKinsey консалтинг компаниясының есебінше, 2020 жылы Z ұрпағының саны 2,6 млрд адамды құрады.

Өзгелердің жаңалығы