Қызылордалық тігіншілер масканы тұрмысы төмен отбасыларға, қарияларға тегін үлестіруде

19 Наурыз 2020, 14:30
1940
Бөлісу:
Қызылордалық тігіншілер масканы тұрмысы төмен отбасыларға,  қарияларға тегін үлестіруде

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Медициналық бетперде тапшылығын жою үшін Қызылорда облысындағы тігін цехтары бетперде тігумен айналысуда.

Қызылорда облысында алғаш болып "Далатекс" тігін фабрикасы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, дәріханалар және тиісті құзырлы органдармен келісе отырып, сегіз қабатты бірнеше рет қолдануға жарайтын жеке қорғаныш бетпердесін шығара бастады. Қазіргі таңда басқа да тігін цехтары өз жұмысын Төтенше жағдайда бейімдеп, бетперде өндірісін арттыруды көздеп отыр.

Бүгін Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің тігін цехы коронавирус індетінің алдын алу мақсатында бетперде тігуді қолға алды.

Қазіргі уақытта сатылымға дайын. Колледжге келіп, алуға болады. Көп реттік пайдаланатын, сапасы өте жоғары бетпердені осы колледжден алуға болады. Мақсат біреу - сақтық шараларын жүргізу, аудан халқын бетпердемен қамтамасыз ету, - деді Жаңақорған ауданы әкімі баспасөз қызметінің өкілі Нұрбол Бакиров.
Сондай-ақ 2018 жылы "Zhas Project" жобасының жеңімпазы Эльмира Әзірбекова және Қармақшы ауданының жастары өз еркімен бастама көтеріп, бетперде жасау ісін қолға алды.
Бетперде ауданымыздағы жалғызбасты қарттарға және мүмкіндігі шектеулі отбасыларға тегін таратылады, − дейді Эльмира Әзірбекова.

Қызылорда қаласындағы "Қолөнер" ұлттық нақын орталығы да бетперде тігумен айналысуда. Орталық жетекшісі Аида Керімқұлова осы ізгі істі жүзеге асыруға "Абзал және К" серіктестігі мен "Абай-Дәулет" серіктестігі қолдау көрсеткен.

Біздің тігіншілер бетперде тігуде. Барлық талабы сақталған. Осынау қиын сәтте елге жәрдем беру - азаматтық парызымыз. Қазақ халқының бауырмалдығын, жанаршылығын, дархан пейілін танытуымыз керек. Облыстағы кәсіпкерлер палатасының жанындағы Өңірлік даму кеңесінде жергілікті кәсіпкерлердің басын қосып, осы мәселені ақылдастық. Соңында осындай шешімге келдік. Бізде тігілген бетперделер тұрмысы төмен отбасыларға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, аяғы ауыр келіншектерге, қарияларға тегін беріледі, − деді Аида Керімқұлова.

Кәсіпкер алдағы уақытта такси, қоғамдық көлік жүргізушілерін бетпердемен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. 

"Бұл жобаға басқа да кәсіпкерлер қолдау білдірсе" дейді ол. Сонымен қатар, аймақтағы "АСКА" серіктестігі, жеке кәсіпкерлерлер Жадыра
Құлмырза, Гүлзат Бисариева, Райла Исаева, Баян Убайдуллаева және "Нұрай", "Гүлжан" жеке кәсіпкерліктері бетперделер тігіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы