Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылордада маусым айында түскен сақтандыру жарнасының көлемі 273,3 млн теңгеге жетті. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz сайтында хабарланды.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Руслан Бектібаевтың айтуынша, 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 30 маусымына дейінгі аралықта Қорға 5,3 млрд теңге түсті.
Аударымдар жүйесі – іске қосылған алғашқы жарты жылда өзі үшін жарна төлеуге міндеттелген жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға және жұмыс берушілерге тиесілі.
Атап айтқанда, жинақталған қаражаттың 96,8% немесе 5,2 млрд теңгесін жұмыс берушілер, қалған 3,2% немесе 170,8 млн теңгені – жеке кәсіпкерлер мен АҚК негізінде еңбек ететін санат аударған.
Естеріңізге сала кетсек, жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС пакетінде көрсетілетін медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалмақ.