Қызылордалық 30 жастағы нейрохирург күрделі оталарды жасайды

14 Маусым 2019, 12:21
5720
Бөлісу:
Қызылордалық 30 жастағы нейрохирург күрделі оталарды жасайды
Фото: автордан

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордалық 30 жастағы нейрохирург Кенесары Баспаев небір күрделі оталарды жасап, адамдарды ажалдан арашалап жүр.

Кенесары Айтуғанұлы 1989 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. 2006 жылы мектепті бітіргеннен кейін Астана медициналық институтына түсіп, 2012 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алған. 2012-2013 жылдары Астана қаласында интернатурасын аяқтап, Қазалы ауданындағы Апаттар медицинасы Қазалы теміржол ауруханасында еңбек жолын бастайды. Ал 2018 жылдан бері аудандық ауруханада дәрігер қызметін атқарып келеді.

«Жастайымнан дәрігер болуды армандадым. Міне, сол арманыма жетіп, мамандығым бойынша халыққа қызмет қылып жатырмын. Сыр өңірінде 2 нейроинсульт орталығы бар. Оның бірі облыстық медициналық орталықта орналасқан, екіншісі Қазалы теміржол ауруханасында ашылған. Мен Қазалыдағы орталықта жұмыс істеймін. Сонымен қатар былтырдан бері елімізде алғаш рет аудандық ауруханада ашылған тері астында тамыр арқылы ота жасайтын орталықта дәрігермін. Жалпы мен ашық және жабық бас ми жарақаты, миға қан құйылу, жүрек секілді ауруларға ота жасап жүрмін. Ауыр халде біздің алдымызға келген науқасты емдеу оңай емес. Әлбетте сабырлық керек және дер кезінде шешім қабылдап, емдеу қажет. Сол үшін оқыдым, тәжірибе де жинап келемін. Еміне шипа тапқан елдің ықыласына қарап, қуанамын. 3-4 жылда 100-ден аса ота жасаппын», - дейді Кенесары.

Медицина саласы күн сайын дамуда. Сондықтан жас дәрігер үнемі ізденіс үстінде, білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыруға әрдайым уақыт бөледі. Еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы оны сұраныстағы маманға айналдырды.

«Қазалы ауданы облыс орталығынан шалғайда – 360 шақырым қашықтықта орналасқан. Сол себепті, Қазалы ауданына көршілес Арал, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласына қызмет ету маған тапсырылған. Яғни осы аумақтағы өз салам бойынша жалғыз маманмын. Оларды алысқа – Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы медициналық мекемелерге жібермей, өзімізде емдеп, ота жасай беремін. Дәлірек айтсақ, облыс орталықтарында, алып қалаларда жасалатын күрделі оталарды шалғайда жатқан ауданда отырып жасай береміз. Біздің аудандық ауруханада көп жерде таптырмайтын заманауи медицина аппараты антиограф әкелінген. Диагноз қоюда ол үлкен көмегін тигізуде», - дейді нейрохирург.

Жақында Кенесары Баспаев Қызылорда облысы әкімінің «Алғысына» ие болды. Нейрохирургиялық, травматологиялық оталарды сәтті жасап, көптің алғысына бөленіп жүрген азаматты әріптестері де оның кәсіби деңгейін биік бағалайды.

«Облыстағы болашағынан зор үміт күтетін абыройлы жас маманымыз. Мәселен, ол көлікпен апатқа ұшырап, «мидың қарбызша жарылуы» диагнозы қойылған – миы қақ бөлініп қалған ауыр науқастарға ота жасап, ажалдан арашалап қалған. Медицинада бұл жарақаттан тірі қалу жағдайы 10 мыңда бір рет кездеседі. Ойда-жоқта төсекке таңылған науқастың сырқатынан айығып, жас сәбидей алғаш қадам жасағанын көрген кезде біз де, әріптесіміз Кенесары да шын мәнінде бақытты сезінеміз. Хирургия бөлімінің әрбір мүшесінің, яғни, дәрігерлер мен медбикелердің де басты мақсаты – науқасты сырқатынан айықтырып, шуақты жүздерін көру», – дейді Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Гүлжихан Нысанова.

Өзгелердің жаңалығы