Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Олимпиадаға Қазақстанның барлық аймақтарынан 9-11 сыныптың 663 оқушысы жиналған. Білім додасының қорытындысы 29 наурызда белгілі болады.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев олимпиада қатысушыларымен кездесіп, «жастардың білімі, біліктілігі мен дағдылары – барша ұлттың ең маңызды әрі қымбат ресурсы» екенін атап өтті.
«Жоғары білікті мамандар даярлау мәселесінде білім беру сапасының деңгейін көтеруге тиіспіз. Облыстың сала қызметкерлері мектеп түлектерінің кем дегенде 50% ЖОО түсіруге қол жеткізуі тиіс. Біз жыл сайын аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды еңбек ресурстарының теңгеріміне сәйкес өңірде сұранысқа ие мамандықтар бойынша облыс әкімінің гранты есебінен еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға жібереміз. Биыл аталмыш грант саны 2 есеге – 100-ден 205-ке дейін артты. Осылайша, бүгінгі таңда мұндай грант иегерлерінің саны 900-ге жетті. Айта кету керек, ағымдағы жылдан бастап облыс әкімі гранттарының 70%-ы IT-мамандықтарға бағытталады»,- деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар жоспарымен бөлісті.
"Енді біздің міндетіміз - жастарды "Лига плюща" университеттерінде оқытуға қол жеткізу. Егер айқын мақсатты межелеп, нақты міндеттер қойылмаса, еш нәрсеге жету мүмкін емес! Технологияларды құру және пайдалану, әлеуметтік белсенділік пен кәсіпкерлік, коммуникация мен дизайн, сондай-ақ, мектеп бағдарламасына кірмейтін ғылым салаларындағы дарындарды қолдау мақсатында Ресейдің "Кванториумдар" мен "Сириустар" құру бойынша тәжірибесін зерделейміз. Олардың тәжірибесін зерделеп, жоғары білікті инженер мамандарды даярлауға, инновациялық технологиялар мен идеяларды әзірлеуге, тестілеуге және енгізуге бағытталған толыққанды технопарктер құрғымыз келеді", - деп атап өтті облыс әкімі.
Бүгінде Қызылорда облысында STEM-элементтерді, ғылыми инновациялар мен математикалық моделдеуді, робототехниканы қамтитын 46 инновациялық мектеп жұмыс істейді.
Сонымен қатар, оқушыларды ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева құттықтап, іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және олимпиада онлайн режимде өткізілетінін атап өтті.
Олимпиада қатысушылары Қармақшы ауданында орналасқан Қорқыт Ата мемориалдық кешенінде өтетін жастар форумына қатысады.