Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қызылорда қаласында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» этнос-жастары форумы өтті. Шара «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде ҚР президенттігіне ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауға арналды.
Облыстағы Жастар ресурстық орталығының директоры Абылайхан Сабанбаевтың айтуынша, Елбасы «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз» деп қашан да жастарға қолдау білдіріп келеді.
«Жастар қай кезеңде болмасын қоғамның қозғаушы күші болған. Егемен еліміздің болашағы да жастардың қолында. Бүгінгі тыныштық, бейбітшілік еліміздегі ұлтаралық түсіністікпен үндестіктің белгісі деп қарасақ бұл біздің ең үлкен жетістігіміз. «Бір тіл білсең - бір адамсың, екі тіл білсең - екі адамсың» - демекші тәуелсіздігіміздің ұйытқы болуына еліміздегі тіл саясатыныңда дұрыс жүргізілуі себепкер деп есептейміз. Елімізде барлық ұлттардың өз тілін үйренуге, салт дәстүрлерін сақтауға барлық мүмкіндіктер жасалып отыр», – дейді Абылайхан Сабанбаев.
Форум барысында облыстық «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының мүшесі, облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы Артем Кошман өз ойын айтты.
«Жастардың қуаты – білімі мен патриоттығында. Патриот болу – өзінің Ұлы дала ұрпағы екендігін мақтан ету. Біздің басты мақсатымыз – бірлікте өмір сүру. Бірлігімізді тұтастай сақтай білсек, біздер үшін алынбайтын белестер жоқ! Қазіргі таңдағы бүкіл әлемдік өзгерістер қарсаңында кезектен тыс сайлау өткізу туралы Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы уақытылы жасалған шешім деп білемін. Өз кезегімде барлық замандастарымды кезектен тыс өткізілетін Президент сайлауына белсенді түрде қатысуға шақырамын», – деді Артем Кошман.
Бұдан бөлек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті, облыстық «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының мүшесі Елена Павлова да алда өтетін президент сайлауына белсене қатысуға үндеді.
«Біздің елімізде барлық этностар достықты ту етіп, «Қазақстан» деп аталатын шаңырақтың берекесін арттырып, дәулетін тасытып ғұмыр кешуде. Тарих бәріміздің басымызды осылай қосты, тағдырлас қылды. Қазақстанда жүзге жуық тіл даму үстінде. Әр ұлт өкілі өз ана тілін ұмытпауына, білуіне жағдай жасалған. Тіпті, газет-журналдары бар. Ал мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Оны білуіміз – міндет. Қазақстан халқы Ассамблеясы да елдің тұтастығын сақтауға қызмет етуде», – дейді ол.
Ал «Мұрагер» мектебінің оқушысы, татар ұлтының өкілі Диана Зайнуллинаның айтуынша, Қазақстан – дүние жүзіндегі бірлігі мен бейбітшілігі жарасқан ел.
«Мен бақыттымын! Тәуелсіз елім бар, кең байтақ жерім бар. Тәуелсіз аспанның астында өскен ұрпақтың өкілі ретінде Елбасының қамқорлығына алғысым шексіз! Сондықтан алдағы уақытта қазақ еліне, оның ішінде Сыр өңірінің дамуына адал еңбек етуге әрқашан дайынмын. Күн тәртібінде қозғалғандай қазіргі таңда еліміз үшін ең жауапты кезең. Кезектен тыс Президент сайлауы өткелі отыр. Осы саяси науқанда барлықтарыңызды белсенділік танытуға шақырамын», – деді Диана.
Сонымен қатар, М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің студенті Ханум Арифова мемлекеттік тілді білу үлкен мәртебе және мақтаныш екенін айтады.
«Мен осы елдің патриоты ретінде туған тілім түрік тілімен қатар мемлекеттік тілді де қатар алып жүрмін. Мемлекеттік тілді білу және сөйлеу, мені өз ортамда ерекше етіп тұрады. Мемлекеттік тілді білу мен үшін үлкен мәртебе және мақтаныш. Мен биыл колледж бітіремін. Алғашқы ұстаздық қадамымды бастауыш сыныпта мұғалім болып бастаймын. Шәкірттеріме сапалы білім беріп, ұстаз мәртебесін арттыруда игі жұмыстар жүргіземін деп сендіремін», – деді Ханум Арифова .
Форум кезінде қатысушылар кезектен тыс президенттік сайлау халықты топтастыру жолындағы қадам болатынын айтты. Сондай-ақ, экономиканы тұрақтандыруға, елдің қарқынды дамуы мен азаматтардың игілігінің түйінді мәселелерін шешу үшін қажетті азаматтық татулықты, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге қуатты серпін береді.
Сөйлеушілер Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының өткізілуінің маңыздылығына тоқталып, «Nur Otan» партиясының ХІХ съезінің ҚР Президенттігіне Қасым-Жомарт Тоқаевты кандидат ретінде ұсыну туралы шешімін қолдауға және жастарды алда келе жатқан сайлауға белсенді қатысуға шақырды.