Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қызылорда облысы әкімінің жаңадан тағайындалған екі орынбасары қызметке кірісті.
Қазақстан Республикасы президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Ахмет Серік Әбжәліұлы облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Серік Әбжәліұлы 1961 жылы туған. Қарағанды мемлекеттік университетін "Тарих" мамандығы бойынша үздік бітірген.
Еңбек жолын 1978 жылы Жезқазған облысындағы "Октябрдің 40 жылдығы" атындағы кеңшардың қарапайым жұмысшысы ретінде бастаған.
Әр жылдары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, Мемлекеттік хатшы хатшылығының меңгерушісі және премьер-министр Кеңсесі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
Бүгінгі күнге дейін "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.
Серік Әбжәліұлы мінсіз мемлекеттік қызметі үшін "Құрмет" ордені және "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.
Облыс әкімінің орынбасары ретінде Серік Әбжәліұлы аймақтың ішкі саясат, жастар мәселесі, мәдениет пен спорт және жұмылдыру дайындығы салаларына жетекшілік жасап, облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды жүзеге асыратын болады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Сүлейменов Серік Жүсіпұлы да облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Серік Жүсіпұлы 1966 жылы туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін "Математика" және "Заңтану" мамандықтары бойынша бітірген.
Әр жылдары Қазақстан Республикасы президенті Әкімшілігінде, Қазақстан Республикасы премьер-министрі Кеңсесінде және квазимемлекеттік секторларда жауапты басшылық қызметтерін атқарған.
Соңғы жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, 2019 жылдың сәуір айынан бастап осы кезге дейін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы лауазымында қызмет атқарып келді.
Серік Жүсіпұлы мінсіз мемлекеттік қызметі үшін "Құрмет" орденімен марапатталған.
Облыс әкімінің орынбасары ретінде Серік Жүсіпұлы құрылыс, энергетика, тұрғын үй және көліктік инфрақұрылымды дамыту салаларына жетекшілік ететін болады.