Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандағы балалар құқығының қорғалуына қатысты халықаралық ұйымның пікірі қандай екенін білуге тырыстық. ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур Ван Дизен бірнеше сұрағымызға жауап берген еді.
ЮНИСЕФ Қазақстандағы балалар құқығының қорғалуына қандай баға береді?
- Былтыр біз екі мерейтойды атап өттік: бүкіл әлемде бала құқықтары туралы Конвенцияның 30 жылдығы және Қазақстанның конвенцияны ратификациялауының 25 жылдығы. 1989 жылы әлемдік көшбасшылар «БҰҰ Бала құқықтары туралы Конвенциясы» атты құжатты бекітті. Қазақстан Конвенцияны 1994 жылы қабылдап, балалардың құқығын қорғауға уәде берді. Қазақстан көп жағдайда уәдесінде тұрды. Балалар мен сәбилер, 5 жасқа дейінгі балалар өлімінің төмендеуіне қатысты үлкен прогреске қол жеткізілді. Қазіргі уақытта әрбір қазақстандық бала толық көлемде білім алу мүмкіндігіне ие. Дегенмен, Конвенцияда жазылған баланың барлық құқығы толық көлемде іске асырылмайды. Проблемалар назардан тыс қалу қаупі бар балалардың белгілі бір санаттарымен байланысты.
Қазақстандық балалардың құқығына әсер ететін келесі жағдайлар анықталды:
Дұрыс тамақтанбау. Балалардың артық салмағы мен семіздік.
Мысалы, балалардағы артық салмақ көрсеткіші (6-9 жас) 20%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш, өкінішке қарай, өсіп барады. Сондай-ақ, Қазақстан тұрғындарының тұзды тұтыну деңгейі әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің біріне тең. Бұдан басқа, алты айға дейінгі жастағы балалардың тек 38%-ы ғана ана сүтімен емізіледі, бұл халықаралық стандарттармен салыстырғанда төмен көрсеткіш болып саналады.
Балалар зорлық-зомбылығы. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық бұл жаһандық сипаттағы проблема екенін атап өту маңызды. Қолда бар деректер бойынша, әлемде 1 миллиард кәмелетке толмаған, яғни 2 жастан 17 жасқа дейінгі барлық баланың жартысынан көбі бір жыл ішінде эмоциялық, физикалық және жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Әлем бойынша 150 млн бала күн сайын мектептерде буллинг, кибербуллинг, қарумен зорлық және зорлықтың өзге түрлеріне ұшырайды.
Зорлық-зомбылыққа қатысты қандай статистика бар? Ондай жағдайдың алдын алу үшін не істеу керек?
- Зерттеуге сәйкес, Қазақстанда ересектердің 75%-ы балаларды тәртіпке салу үшін күш көрсетуге болатынын қолдайды. Көбінесе ересектер бұл да зорлық-зомбылықтың түрі екенін түсіне бермейді. Ол өмір бойы балаға зиян келтіреді. Қазіргі зерттеулер көрсеткендей, дене жазасының балалар үшін қарама-қарсы және жағымсыз салдары бар, мысалы, ол қоғамға қарсы мінез-құлыққа әкелуі мүмкін. Балалық шағында зорлық-зомбылықты бастан кешкен балалардың денсаулығы нашар және өзін-өзі бағалауының төмендігі байқалуы мүмкін. Зорлық-зомбылықсыз тәрбиеленген балалар ересек өмірде табысты, сенімді және бақытты адам болу мүмкіндігіне көбірек ие. Ғалымдар зорлық-зомбылықтың салдары қатерлі ісік, диабет, психобелсенді заттарды теріс пайдалану, депрессия және тағы басқалар сияқты ауруларға әкелуі мүмкін дейді. Статистика комитетінің 2015 жылғы деректері бойынша, 1-4 жастағы балалардың 53%-ы отбасында психологиялық агрессияға немесе физикалық жазаға ұшырайды. Қазақстанда қыздардың 50%-ы отбасындағы тәртіптің зорлық-зомбылық әдістерінен жапа шегеді, оның ішінде 21%-ы физикалық жазаға ұшырайды, ал 45%-ы психологиялық агрессия мен зорлық-зомбылықты бастан кешеді.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың артуына карантин қаншалықты әсер етті?
- Қазақстанда да көп елде сияқты нақты уақыт режимінде балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайы туралы мониторинг және ақпараттандыру жүйесі жүргізілмейді. Пандемияға байланысты карантин кезеңінде зорлық-зомбылық деңгейінің жоғарылағанын байқауға болады. Мысалы, "150" жедел желісіне балалардан, алаңдаулы ата-аналардан шалынатын қоңырау саны артты, бұл балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың өсуін көрсетеді.
Сондай-ақ, «БҰҰ-Әйелдер» мен ЮНФПА-ның Қазақстандағы COVID-19 пандемиясы аясында жүргізген сауалнама деректері бойынша, қатысушылардың 15,3%-ы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының ұлғайғанын немесе COVID-19 таралуы басталғаннан кейін осындай жағдайлар туралы естігенін атап өтті. Жағдай балалардың да, ата-аналардың да эмоционалды күйзеліске ұшырауымен күрделене түсті, отбасылардың қаржылық жағдайы нашарлады, оқшаулану қажет болды, жұмыс істейтін ата-аналарға тұрмыстық жүктеме артты, қызметтерге қолжетімділік шектеулі болды.
ЮНИСЕФ балаға қатысты зорлық-зомбылықты ақтауға болмайтынын және балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылықтың алдын алуға болатынына сенімді.
Зорлық-зомбылықтың барлық түрінің алдын алу үшін кешенді тәсіл қажет. Сол үшін ЮНИСЕФ, ДДСҰ және басқа әріптестері 11 негізгі ұсынымды алға тартады:
- Бірінші кезекте алдын алу үшін жұмыс істеу қажет. Санамызды өзгертіп, зорлық-зомбылықты тәрбиелеу мен қарым-қатынастың рұқсат етілмеген тәсіліне енгізу керек. Ол үшін қоғамда түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
- Заңнама балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа толық тыйым салуы тиіс. Заң нормалары ата-аналарға түсіндірілуі керек. Оны іске асыру тетіктерін қамтамасыз ету маңызды.
- Ата-аналарға бала тәрбиесінде зорлық-зомбылық түрлерін қолданбауына назарын аударып отыру керек. Тәрбиенің балама түрін үйрету маңызды. Ата-аналарға арналған бағдарламаларды әзірлеп, енгізу керек. Мұндай бағдарламалардың мысалдары бар, мысалы, позитивті ата-ана болу бағдарламасы.
- Патронаждық мейірбикелердің балалардың үйіне келу бағдарламасы Қазақстанда өте жақсы нәтижелерге ие болды, олар ата-аналарға бала күтімі бойынша ақпарат береді және баланың отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын көрсе, шаралар қолданады.
- Қауіпсіз және қолайлы мектеп ортасын құру маңызды рөл атқарады.
- Балаларды зорлық-зомбылыққа конструктивті түрде ескерту және қарсы тұру үшін әлеуметтік және өмірлік дағдыларға үйрету.
-Зорлық-зомбылыққа әрекет ету бойынша нақты бекітілген ведомстволық қызмет. Мұғалімдердің, әлеуметтік қызметкерлердің, денсаулық сақтау, полиция қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарындағы міндеттердің егжей-тегжейлі сипаттамасы. Зорлық-зомбылықты қалай анықтауға, анықталған жағдайларды қайда бағыттау қажетін үйрету.
- Барлық қатысушы тарап балалардың мүддесіне қарай әрекет етуі үшін алдын алу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл.
- Халықтың табысын арттыру және экономикалық жағдайын жақсарту.
Зерттеулер мен тәжірибе көрсеткендей, баланы тәртіпке үйретудің жақсы тәсілдері бар. Позитивті және саналы тәрбиенің жаңа әдістері баланың үйлесімді дамуына ықпал етеді және іс жүзінде оған бақытты болуға көмектеседі.
Әңгімеңізге рақмет!