«Ыстық су жоқ»: Ақтаудағы балалар ауруханасына қатысты дау күшейді

Ата-аналар бөлімшедегі жағдай мен қызмет сапасына байланысты тексеріс талап етілуде

 Lada.kz Бүгiн 2026, 18:18
Бүгiн 2026, 18:18
98
Фото: Lada.kz

Ақтауда балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне қатысты дау туындады — науқас балалардың ата-аналары тұрмыстық жағдайдың нашарлығы, тамақтану мен емдеуге қатысты мәселелерді көтеріп отыр. Бұл жағдайға медициналық мекеме түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Талқылауға себеп болған жайт — жергілікті тұрғынның әлеуметтік желідегі жазбасы. Оның айтуынша, 16 сәуірден бері қызы екеуі стационарда жатыр. Балаға алдын ала пневмония диагнозы қойылған. Әйел рентген түсірілгеніне қарамастан, зерттеу нәтижесі мен қорытындысын ала алмағанын айтады.

Негізгі шағымдар ауруханада болу жағдайына қатысты. Әйелдің сөзінше, бөлімшеде ыстық су жоқ, бұл әсіресе кішкентай балалары бар науқастарға айтарлықтай қиындық туғызады.

Ауруханада ыстық су жоқ. Мұнда күн сайын жуындыру керек кішкентай балалар жатыр. Неге бойлер немесе басқа балама шешімдер қарастырылмаған? – деп наразылығын білдірген.

Сонымен қатар, ол баласының ботқасынан темір қыстырғыш шыққанын да айтқан.

Әлеуметтік желілерде басқа қолданушылар да пікір білдіріп, тамақ сапасы, жағдай және медициналық көмектің деңгейіне қатысты шағымдарын жазған. Көпшілігі тексеріс жүргізуді талап етуде.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында рентген қорытындысын дәрігер-рентгенолог жасайтынын, ал қажет болған жағдайда емдеуші дәрігер нәтижені жеделдетіп ала алатынын мәлімдеді.

Ыстық судың болмауына қатысты аурухана өкілдері жұқпалы бөлімше жалға алынған ғимаратта орналасқанын, ал инженерлік жүйелерге жауапкершілік баланс ұстаушыға тиесілі екенін түсіндірді. Олардың мәліметінше, мәселе қаладағы жалпы желідегі жағдайға байланысты, қазіргі уақытта ыстық су бүкіл қала бойынша берілмей отыр.

Сондай-ақ ғимарат орталықтандырылған жылу жүйесіне тәуелді болғандықтан, онда суды резервтік жылыту жүйесі қарастырылмағаны айтылды.

Тамақ сапасына қатысты ауруханада бұл қызметке жеткізуші компания жауапты екенін жеткізді. Бөгде зат табылған оқиға бойынша тиісті шағым жолданған.

Наверх