Ыстық ас, тегін такси: елордалық мешіттер қайырымдылық науқанын ұйымдастырды

11 Қаңтар 2023, 19:53
866
Бөлісу:
Ыстық ас, тегін такси: елордалық мешіттер қайырымдылық науқанын ұйымдастырды
VIDEO

Елорда мешіттерінің меценаттары астаналықтарға тегін такси және коммуналдық қызметкерлер үшін ыстық асты ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Науқанға «Көктал» мешітінің бастауымен қаланың барлық мешіті ат салысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Науқан аязды күндері тұрғындарды қала бойынша тегін тасымалдайтын 20 жүргізушінің жұмысынан басталды. Жүргізуші ретінде мешіттердің имамдары мен шәкірттері қатысты.

Мұндай акцияларды бірнеше жылдан бері өткізіп келеміз. Астананың аязды күндерінде азаматтарымызға қол ұшын созғымыз келеді. Басқа жүргізушілерді де акцияға қосылуға және тұрғындарға көмектесуге шақырамыз, - дейді Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов.

Еріктілер жол жұмысшыларына ыстық шай мен палау таратты. Коммуналдық ұйымдардың 200-ге жуық қызметкері қамтылды.

Жұмысшылардың барлығы – қала бойыша қар күреп жүрген адамдар.

Сонымен қатар жылыту маусымының соңына дейін демеушілік көмек арқылы мешіт бірқатар отбасыға көмір сатып алуға және азық-түлік себеттерімен қамтамасыз етуге көмектеседі.

Айта кетейік, тұрғындарды тегін тасымалдау науқаны аязды күндердің соңына дейін жалғасады. Тегін таксилерді автомобиль корпусындағы жапсырма арқылы ажыратуға болады.

Өзгелердің жаңалығы