Ырғызда 51 отбасы салынған жаңа үйлерге көшті

Бүгiн, 19:09
114
Бөлісу:
Ырғызда 51 отбасы салынған жаңа үйлерге көшті
PHOTO
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Бүгін Ырғыз ауданының орталығы – Ырғызда 51 үй қолданысқа берілді. Құрылысы үш айға созылған барлық үй бекітілген үлгі жобада салынды. Үш бөлмелі үйлердің ауданы – 80 шаршы метрден, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көктемгі су тасқынынан кейін баспанасыз қалған ырғыздықтарға үйлердің кілттері бүгін салтанатты жағдайда табыс етілді. Бұған дейін кейбірі эвакуациялық пунктте, енді бірі тума-туыстарының үйінде тұрып келген олардың қуаныштарында шек жоқ.

Ауданда тасқыннан кейін барлығы 120 үй салуға шешім қабылданған. 16 мердігер компания Ырғызда – 51, Нұра ауылының Сарыоба жерінде – 63, Мамырда – 6 салуды міндеттеріне алған. Ал үйлерді салуға «ERG» компаниясы демеушілік етті. Сондай-ақ, 41 ырғыздық екінші нарықтан үй сатып алса, 7 отбасыға баспаналарын жөндеуге қаржы бөлінді.

Ырғызда 51 отбасы салынған жаңа үйлерге көшті

Кілттерді салтанатты табыстау рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев құттықтау сөз сөйледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Бірінші және қайталама нарықтағы пәтерлерді сатып алдық. Және де 500 тұрғын үй салып жатырмыз. Бұл ретте табиғи апаттан жапа шеккендерді баспанамен қамтуға демеушілік қолдау жасап жатқан еліміздегі ірі компанияларға, кәсіпкерлерге алғысымызды білдіреміз. Бүгін, міне, Ырғыз ауылынан 51 үйді сіздердің игіліктеріңізге беріп жатырмыз. Жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз құт-берекеге толсын! - деді ол.

Аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов, ERG және «Қамқор Ақтөбе 2024» қорының өкілдері де сөз алып, үй иелерінің қуанышына ортақтасты.

Ырғызда 51 отбасы салынған жаңа үйлерге көшті

Ақтөбе өңірінде күні бүгінге дейін су тасқынынан зардап шеккен 513 отбасыға үй берілді. 4 мыңнан астам отбасыға 1,6 миллиард теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік көмек көрсетілсе, 3495 отбасының мүліктік шығындары өтелді.

Өзгелердің жаңалығы