Астана, baq.kz тілшісі. Бүгін Мәжіліс депутаттары «ҚР Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын мақұлдады.
Мәжіліс депутаты Артур Платонов Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы өткізу пунктерінің мәселесін көтерді.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шекарадан өтетін бір адамды рәсімдеу үшін 3 минут, жеңіл автокөлікті рәсімдеу үшін 15 минут, ауыр көлікті рәсімдеу үшін 25 минут, ал автобусты рәсімдеу үшін 30 минутқа дейін уақыт беріледі. Нормативтер бойынша осылай болуы керек. Бірақ, тәжірибеде одан біршама көп уақыт кетеді. Күн сайын Қазақстан мен Қырғызстан шекарасын 18 мыңнан астам адам, 600 көлік кесіп өтеді. Қазіргі өткізу пунктерінің бұндай адамдар және көліктер ағымына күші жетпейді. Әсіресе, жазғы кезеңде қиын. Депутаттар Қазақстан-Қырғызстан шекарасында жаңа өткізу пунктерін ашу туралы мәселені бірнеше рет көтерген болатын. Қазіргі таңда екі ел шекарасының өткізу қабілетін арттыру үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?», - деп сұрады Платонов.
Бұл сұраққа жауап берген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап адамдар мен көліктер ағым 8 есе артқанын айтты. Сәйкесінше, 20 жыл бұрынғы инфрақұрылым қазіргі жолаушылар мен жүктердің ағымына сәйкес келмейді.
«Сондықтан, кейбір қиындықтар бар. Дегенмен, соңғы екі жылда жолаушылар ағымы азайған. Бұған қарамастан біз Шекара қызметінің күші мен құралдарымен, әзірге өзіміздің ішкі резервтерімізбен азаматтарымыздың өтуін қамтамасыз ете тұрамыз», - деді Ділманов.
Ал, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Роман Скляр Қазақстан мен Қырғызстан тараптары Сарытөбе мен Ауқатты өткізу пунктерін екі жақты бекеттен көп жақты бекетке ауыстыру туралы келісімге қол қойылғанын айтты.
«Осылайша, барлық жеті өткізу пункті көп жақты болады. Биыл Қарасу өткізу пунктіндегі көпірді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Жөндеу қырғызстандық әріптестермен бірге 50/50 қаржыландырумен жүргізіледі. Сондай-ақ, біз өткен жылы Қордай өткізу пунктінің мүліктік кешенін Шекара қызметінің балансына алдық. Биыл шілде айына қарай біз жобалық-сметалық құжаттаманы аяқтаймыз, ал күзде, туристік маусым аяқталғанда оны қайта құра бастаймыз», - деді Скляр.
Автор: Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ